Арыстағы жарылыс қаупі әлі сейілген жоқ

0

25 маусымда Қазақстан ішкі істер министрі Юрий Ильин әскери қойма жарылған Арыс қаласында «қауіптің әлі сейілмегенін, жарылыс болған кейбір жерлердің әлі бықсып жатқанын» айтты.

«[Өрт сөнбегендіктен] қару-жарақ әлі де жарылуы мүмкін. Отты қорғаныс министрлігінің қоймаларындағы брондалған арнаулы техника көмегімен сөндіреміз» дейді министр орынбасары.

Ильиннің айтуынша, жарылыс болған қоймада құрлық әскеріне арналған қару-жарақ – артиллериялық снарядтар сақтаулы тұрған.

Министрлік өкілі «Қойма күзетшілері қоймалардың бірінен шыққан түтінді [24 маусым күні] таңғы 9.00-де байқаған. Жарылыс қаупі бар екені белгілі болған соң әуелі өрт сөндірушілер, артынша әскери бөлімшенің жеке құрамы қауіпсіз жерге көшірілді. Алғашқы жарылыс 9.15-те болды» дейді Ильин.

24 маусым таңертең Түркістан облысы Арыс елдімекені маңында орналасқан Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде өрт шығып, салдарынан әскери оқ-дәрі жарылған. Түркістан облысы әкімдігі Арыстағы жарылыстан кейін облыста төтенше жағдай жарияланды.

Билік орындары апаттан екі адамның қаза тапқанын хабарлады. Қаза болғандардың бірі — Арыс тұрғыны. Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, тұрғынның көлігіне снаряд түскен. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, мерт болған екінші адам — әскери қызметкер. Оның денесі әскери қойманың маңынан табылған.

Арыстағы жарылыстан кейін барлығы 165 адам дәрігерлер көмегіне жүгінген. Олардың 89-ы ауруханада жатыр. Дәрігерлер 76 адамға алғашқы көмек көрсетіп, жіберген. Бұл туралы 25 маусымда Нұр-Сұлтанда үкімет отырысы кезінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.

Жарылыстан кейін шамамен 35 мың адам өз беттерімен бас сауғалап, басқа жаққа кеткен. Кейбірі Түркістан облысы әкімдігі бөлген автобуспен Шымкентке жеткен. Ресми дерек бойынша, қалада 45 мыңға жуық адам тұрады.

Шымкентке жеткізілген Арыс тұрғындарының біразы эвакуациядан кейін өздеріне жағдай жасалмай отырғанына шағымданды. Шымкенттегі «Ақмешіт» мешіті маңында жүргендер көмекті билік емес, қала тұрғындары көрсетіп жатқанын айтады.

Түркістан облысына 24 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев барған. Президенттің баспасөз қызметі Тоқаевтың арыстықтармен кездескенін, билік азаматтардың баспанасын қалыпқа келтіріп беретінін айтып, сабырға шақырғанын хабарлады.

Қазақстан қорғаныс министрлігі Арыс қаласында қазір 500 сапер үйлердің маңы мен темір жолдардың жанында жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Шымкенттен 97 шақырым жерде жатқан, 43 мыңнан аса тұрғыны бар Арыста соңғы он жыл ішінде төрт рет жарылыс болып, он шақты адам қаза тапқан.

Azattyq