зардап шеккендердің саны 16 адамға жетті

0

Соңғы мәліметтерге сәйкес, жарылыс салдарынан зардап шеккен 16 адам Түркістан облысының ауруханаларына жеткізілген

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым — Sputnik. Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында болған жарылыстан кейін он алты адам ауруханаға түсті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов хабарлады.

Түркістан облысында медициналық штаб құрылып, әрқайсысы 100 адамға арналған екі госпиталь жасалды. Хирург, реаниматолог, травматолог дәрігерлер адамдарды қабылдауға әзір.

«Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сәйкес, өңірдегі медициналық мекемелерге жеңіл және орта дәрежедегі жарақат алған 16 адам түскен. Оның біреуі – әскери қызметкер. Ол облыстық ауруханаға жеткізілді», — деп жазды Қалқаманов өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Арыстағы жарылыс 

24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында жойқын жарылыс болды. Қорғаныс министрлігі оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатқанын хабарлады.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев оқиға орнына барған. Қазір арнайы штаб құрылып, әскерилер мен құқық қорғау органдары төтенше оқиға салдарымен күресіп жатыр.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, тұрғындар үш бағыттағы лагерьлерге орналастырылады:

  1. Ақдала бұрылысы;
  2. 41 разъезд;
  3. Водозобор.

Осы үш бағыт бойынша әскери көліктер, жүк көліктері мен арнайы жасақ жұмылдырылып жатыр. Лагерь басында тұрғындарды аудан әкімдері қарсы алып, жайғастырады.

Әлеуметтік нысандарды полиция қызметкерлері көшіріп жатыр. Сондай-ақ Отырар мен Ордабасы аудандарында 100 орындық екі госпиталь ашылды. Қосымша 30 жедел медициналық көлігі жұмыс істеуде.



sputniknews.kz