Белсенділер түрмеде «денсаулығы нашарлаған» Тұрымбетовті босатуды сұрады

0

Бүгін, 24 маусымда Алматы қалалық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті алдына жиырмаға жуық адам жиналып, азаматтық белсенді, биылғы наурыздан бері ЛА-155/18 түрмесінде жазасын өтеп жатқан Марат Тұрымбетовтың денсаулығына байланысты комиссия құруды сұрады.

Белсенді Тұрымбетов 2017 жылы алаяқтық бабымен кінәлі деп танылып, екі жарым жылға түрме жазасына кесілген. Бірақ судья 1-топ мүгедектігі бар белсендінің денсаулығына байланысты жаза түрін бас бостандығын шектеуге ауыстырған. Бірақ биыл наурызда Алматы қалалық Түркісіб аудандық соты Тұрымбетовті «пробациялық бақылау талаптарын бұзды» деп танып, қалған жаза мерзімін, бір жыл төрт айын, түрмеде өтеуді үкім еткен еді. Белсенді өзіне тағылған айыппен келіспей, сот үкімінің саяси астары бар деген.

Департамент алдына келген белсенділер соңғы кездері Тұрымбетовтің денсаулығы күрт нашарлап кеткенін, мұны медициналық анықтама да растағанын айтады. Олар «ЛА-155/18 мекемесі Марат Тұрымбетовті денсаулығына байланысты босату туралы шешімді қарау үшін медициналық комиссия жиынын тиісті үш күн ішінде шақырған жоқ. Содан бері екі апта өтті. Тұрымбетовтің денсаулығы сағат сайын нашарлап, қатты қиналып жатыр. ЛА-155/18 мекемесінің міндетіне бұлай қарауы азаптау мен адам құқықтарын өрескел бұзу деп бағалануы мүмкін» дейді.

Белсенділер Тұрымбетовтің жағдайына байланысты дәрігерлер комиссиясын шұғыл шақыруды сұрап, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановқа, Бас прокурор мен Қылмыстық-атқару жүйесінің төрағасына, сондай-ақ Қазақстан адам құқықтары жөніндегі уәкілге хат жолдады.

Біршама уақыттан соң белсенділер алдына департамент өкілі шығып, құқық қорғаушы мен Тұрымбетовтің адвокатын кездесуге шақырды. Жиналғандардан ішке тек үш адам кірді.

Азаттық тілшісі департамент өкілдері мен белсенділер кездесуіне кіргізілген жоқ.

Бір сағатқа таяу уақытқа созылған жиыннан шыққан құқық қорғаушы Маржан Аспандиярованың айтуынша, департамент Тұрымбетовтің бүгін, 24 маусым кешке ауруханаға жатқызылатынын жеткізген. «Қылмыстық-атқару жүйесі осы апта соңына қарай дәрігерлер комиссиясының жиыны өткізуге де уәде берді» дейді Аспандиярова. Тұрымбетовті босату-босатпау мәселесі қаралатын жиынның нақты қашан өтетіні әзірге белгісіз.

Тұрымбетовтің үстінен бұған дейін де бір іс қозғалған. Алматы әкімшілік сотының 2017 жылы шілденің 17-сі күні шығарған қаулысы бойынша, Марат Тұрымбетов 2017 жылы ақпанның 4-і күні №4 қалалық клиникалық емханасында «медбикелерді қорлап, тиіскен». Тұрымбетов тағылған айыпты мойындамаған. Ақыр соңында судья «хаттама құқық бұзу оқиғасынан соң алты айдан кейін толтырылғандықтан әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кеткені себепті» сот өндірісін тоқтатқан.

Azattyq