Сатушылар «Мизам» базарының сүрілуіне қарсы

0

19 маусымда Алматының оңтүстік-шығыс айналма жолының бойында орналасқан «Мизам» базарының сатушылары базарды сүруге қарсы екендерін айтып, наразылық білдірді. Базар маңына жиналған отызға жуық сатушы «егер базарды сүріп тастаса, қайда барып жан бағамыз?» деп налыды.

– Алматыдағы базардың барлығы контейнерлерден тұрғызылған. Бірақ осы «Мизам» базарына келгенде контейнерге рұқсат бермей жатыр. Ертең бұл базарды бұзып тастаса, біз қайда барамыз, — дейді базарда бір жарым жылдан бері жиһаз сатып жүргенін айтқан Ақбидай Балауса есімді сатушы.

Сәрсенбі түстен кейін базар маңында кран, трактор секілді бірнеше ауыр техникамен бірге автобуспен жеткізілген арнайы жасақ өкілдері де тұрды. Журналистерді көргеннен кейін олар базар аумағынан шығып кетті.

Мемлекеттік БАҚ-тың жазуынша, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бұған дейін базарды тексеру кезінде «бірнеше заңбұзушылық анықтап», базар иесін сотқа берген. Сот «Мизам» базарының құрылысы заңсыз жүргізілген деген шешім шығарған. Маусым айының басында сот орындаушылары базар иесіне сот шешімін тапсырған. Оған сәйкес, «базар иесі сауда орнын 17 маусымда бұзуы тиіс, әйтпесе базар мәжбүрлі түрде сүріледі».

– Біз сот шешімімен келіспейміз, бірақ заңға бағынамыз. Қазір барлық құжаттарды қайтадан заңдастырып жатырмыз. Соған байланысты базарды да өз күшімізбен бұзып, қайта саламыз. Сот орындаушылары әуелі 1 шілдеге дейін бұзу туралы ескерту берген болатын. Кейін оны 26 маусымға, одан кейін 21 маусымға өзгертті. Енді бүгін техникаларын алып, базарды бұзуға келіп тұр. Неге сонша асығып жатқандарын білмейміз, — дейді заңгер Сергей Уткин.

Ал Алматы қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Бағдат Мәнізоров «базарды қайтадан заңды түрде салуды талап етіп отырғандарын» айтты .

– Базарды заңды түрде Алматының бүгінгі сәулетіне сай етіп, сараптамадан өткізіп, қайтадан салыңыздар деп отырмыз. Оны қайтадан салуға ешқандай бөгет жоқ. Бірақ базарды контейнерден салуға рұқсат жоқ, — дейді Бағдат Мәнізоров.

Алматы қаласында бұған дейін де бірнеше рет «базар дауы» болған. «Мизам» базарына жақын орналасқан ел арасында «барахолка» атанып кеткен базардағы сауда орындары бірнеше жыл бұрын өртеніп, сатушылар зардап шеккен. Алғашқы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалып, базарлардың бірінің басшылығы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзды деп айыпталды. Басқа базарлардағы өрттердің шығу себептері ашылмаған күйі қалды.

Azattyq