Гонконгте «күдіктілерді Қытайға беру» заңына қарсы наразылық жалғасты

0

16 маусымда Гонконгте мыңдаған адам «қылмысқа күдіктілерді Қытайға беру туралы» заңнан толық бас тартуды талап етіп, наразылыққы шықты.

15 маусымда Гонконг қаласының басшысы Кэрри Лам «Пекин қылмысқа күдікті деп тапқан адамдарды» Қытайға экстрадициялауға мүмкіндік беретін заң жобасын қарау процесін кейінге шегерген.

Ал 16 маусымда көшеге шыққан наразылар заң жобасын мүлде қабылдамауды талап етеді. Наразылар Кэрри Ламның да отставкаға кеткенін қалайды. Халықаралық агенттіктердің хабарлауынша, мыңдаған адам қаладағы Жеңіс алаңына жиналып, кейін қала көшелерімен шерулетіп жүре бастаған.

Оқи отырыңыз: Гонконгте не болып жатыр?

«Қандайда бір қылмысқа күдіктілерді Пекин сұраған жағдайда құрлықтық Қытайға беру туралы» заң жобасын Қытай билігі ұсынған. Заң жобасына сай, Гонконг аумағында жүрген адамды Пекин қандайда бір қылмысқа күдікті деп тапса, Гонконг ол адамды Қытай, Макао немесе Тайпейге экстрациялауы тиіс.

Наразылар «бұл заң қабылданса, Пекинді сынаушылар, Қытайдағы қысымнан қашып, Гонконгке келгендер, тіпті туристер зардап шегеді» деп санайды. Ал биліктің пайымдауынша, бұл заң жобасы «Гонконгке қашып, бас сауғалайтын қылмыскерлердің» санын азайтады.

Ұлыбритания Гонконгті 1997 жылы Қытайға қайтарып берген. Гонконг – Қытайдың ерекше әкімшілік аймағы болып саналады, бірақ «бір ел – екі жүйе» принципімен жүреді.

Гонконгтің өз заңы бар, елдегі азаматтардың құқығы Қытаймен салыстырғанда жақсы қорғалады. Гонконг «қылмыскерлерді, я күдіктілерді экстрадициялау туралы» 20 елмен келісім жасасқан. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания бар. Ал Қытай мен Гонконг бұл келісімді 20 жылдан бері талқылап келеді.

Azattyq