Наразылықтан кейін ұсталғандарға көмек көрсету машақаты

0

Әлия Талапкерова (аты-жөні кейіпкердің өтініші бойынша өзгертілді) маусымның 9-ы күні жұмыстан келгенде, әкесінің үйден бірнеше сағат бұрын шығып, қайта оралмағанын білген. Телефоны қосулы болғанымен, әкесі Әлияның қоңырауларына жауап бермеген.

— Бұрын әкемнің мұндай әдеті жоқ еді. Анамның топшылауынша, әкем таңертең наразылық өтіп жатқан жерде болған. Интернеттен полиция наразылық кезінде ұсталғандарды қайда апарғаны жөнінде ақпарат іздеп отырып, Азаттықта жарияланған видеодан әкемді көріп қалдым. Ары қарай ұсталғандарды Бостандық аудандық полиция бөлімшесіне жеткізгені туралы мәлімет оқыдым, — дейді сол күнді еске алған Әлия.

Әлия анасымен бірге полиция бөлімшесіне түн ортасында барған. Олар ғимарат жанында онға жуық адамның жиналып тұрғанын көрген. Әлия мен анасының айтуынша, бұл адамдар да туыстарының аты-жөнін атап, полиция қызметкерлерінен жақындары туралы дерек сұраған. Олардың кейбірін полиция «Мұнда туыстарыңыз жоқ, басқа жерден іздеңіздер» деп қаладағы басқа бөлімшелерге жіберген.

— Менің жолым болды. Өйткені әкемнің сол бөлімшеде екенін анық білдім. Әкемнің тегі мен туған жылын айтып, полициядан оның бөлімшеде отырғанын білдім. Бірнеше сағаттан кейін әкем босап шықты. Ол қазірге дейін сол күні не болғанын айтпайды. «Бәрі жақсы» деп қысқа қайырады. Ең бастысы, оның бостандықта жүргеніне қуанамын, — дейді ол.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның құқықтық көмек тобының жетекшісі Ерлан Қалиевқа азаматтарды жаппай ұстау күндері өзіне кемі жүз адам хабарласып, туыстарынан көз жазып қалғанын айтқан. Құқық қорғаушы Азаттық тілшісіне полицияның көшедегі кездейсоқ адамдарға дейін ұстап, кейіннен оларды әртүрлі бөлімшелерге бөліп тастағаны құқық қорғаушылар жұмысын қалай қиындатқанын әңгімелеп берді.

— ІІМ ресми дерегіне сәйкес, ұсталғандар саны мың адамнан асады. Азаматтарды Есік, Қаскелең және басқа аудандардағы полиция бөлімшелеріне апарғаны туралы расталған деректер бар. Нақты расталмаған мәліметтерге сәйкес, полиция ұстап, ізінше сот жазаға кескен азаматтарды Алматының маңындағы ауылдарға жеткізген. Заң бойынша, адвокат ұсталған азаматпен кездесу үшін, қорғайтын адамының аты-жөнін нақты білуі керек. Адвокат тұтқынның аты-жөнін анық білмесе, оны ішке кіргізбейді, — дейді Қалиев.

Қалиевтың айтуынша, әзірге құқық қорғаушылар туыстары жоғалтқан бес-жеті адамның қайда отырғанын анықтаған.

— Біз бір әйелге ұлын табуға көмектестік. 1981 жылы туған Айдар Жүнісов маусымның 10-на қараған түні ұсталған. Үйге оралмаған баласын іздеп алаңдаған ата-ана біраз уақыттан соң Айдардың көлігі айыппұл тұрағында екенін анықтаған. Полиция оларға ұлының қайда екенін айтпаған. Айдардың Лобачевский көшесінде орналасқан әкімшілік жазаға тартылғандарды уақытша ұстау мекемесінде отырғанын жеке байланыстарымызды пайдаланып, ішкі істер департаментінен білдік, — дейді Ерлан Қалиев.

Фотогалерея: Полиция адамдарды қалай ұстады. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.

Құқық қорғаушының сөзінше, адвокат Жүнісовпен маусымның 12-сі күні кешке кездескен. Айдар жанындағы басқа 13 азаматпен бірге заңгер келгенге дейін аппеляциялық шағым жазған. Бірақ олардың шағымдарын қабылдамаған. Аппеляцияны уақытша ұстау мекемесінің канцеляриясына адвокат та өткізе алмаған. Мекеме әкімшілігі шағымды әр тұтқын жеке тапсыруы керегін, адвокат Айдар Жүнісовке «өзге 13 тұтқынның мүддесін қорғай алмайсыз» деген.

Қалалық соттың аппеляциялық коллегиясы бұл 14 азаматтың ісін уақытша ұстау мекемесі аумағында қарайды. Қалиев мұны «заң нормаларын бұзу» деп санайды. Оның айтуынша, істің қатаң бақылаудағы нысан аумағында қаралуы сот отырысына журналистер мен бақылаушыларды қатыстырмау үшін әдейі жасалған.

Маусымның 12-сі күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев наразылыққа қатысушыларды ұстау шарасына қатысты Twitter парақшасында пікір білдірген. Ол Бас прокурорға «азаматтардың заңды құқығы бұзылмауын қамтамасыз етуді, ұсталғандардың нақты саны мен оларға тағылған айыптардың дәрежесін анықтауды және наразылық орнына кездейсоқ тап болып, тұтқындалған азаматтарды босатуды» тапсырғанын жазды. Ерлан Қалиевтың пікірінше, осы тапсырмадан кейін полиция ұсталғандардан өз кінәларын мойындап, өкінетіндері жөнінде қолхат жазуды талап ете бастаған.

— Құқық қорғау органдары осындай жолмен бәрі заң аясында жүрді, ал ұсталғандар өз кінәсін мойындап, заңбұзушылық әрекеті үшін өкініш білдірді деген мәлімдеме жасауы мүмкін. Менің ойымша, ұсталғандар жазып үлгерген 14 апелляциялық шағымның жолына мекеме әкімшілігі «бөгет қойған». Оларға «бізге жасаған ісімізге өкінеміз деген қолхат берсеңдер, бірден босатамыз» деп қысым көрсеткен болуы мүмкін, — дейді Қалиев.

Полиция алаңға келгендердің бірін ұстап жатыр. Алматы, 12 маусым 2019 жыл.

Полиция алаңға келгендердің бірін ұстап жатыр. Алматы, 12 маусым 2019 жыл.

Полиция азаматтарды Нұр-Сұлтанда маусымның 9-ы және 10-ы күндері, Алматыда маусымның 9-ы, 10-ы, және 11-і мен 12-сі күндері ұстаған. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, бұл күндері наразылық шарасына қатысы жоқ жай жүргіншілер де полиция қолына түскен. ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов маусымның 13-і күні полиция кездейсоқ азаматтарды ұстағанын жоққа шығарды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік журналистерге берген сұхбатында, керісінше, полиция қолына кездейсоқ түскен азаматтар туралы ақпарат естігенін айтып, «Біз олардан кешірім сұрау үшін тезірек босатамыз» деді.

Ресми дерек бойынша, Алматы мен Нұр-Сұлтанда наразылыққа қатысты деген күдікпен 957 адам әкішілік жазаға тартылған. 670 азамат 6- 15 тәулік аралығында түрмеге жабылған, 115 азаматқа айыппұл салынған. Маусымның 13-і күнгі дерекке сәйкес, уақытша ұстау мекемесінде 180 адамның жазасын өтеп жатқаны белгілі болған. Күш құрылымдары ведомстволары өз қызметкерлерінің заң аясында жұмыс істеп жатқанын, алдағы уақытта да заңбұзушылықтардың «жолын кесуге» дайын екендерін мәлімдеген.

Azattyq