Халық «күдіктілерді Қытайға беру» заңына қарсы шықты
Гонконгтегі наразылық маусымның 9-ы күні басталды. Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдарының есебінше, маусымның 12-сі күнгі наразылыққа миллионға жуық адам қатысқан, көбі – жастар, студенттер мен бизнесмендер. Ал Гонконг полициясының дерегінше, митингіге 250 мың адам шыққан.
Маусымның 12-сі күні халық үкімет ғимаратының жанындағы жолды жауып, қалалық ассамблеяға кірмек болды. Полиция наразыларды тарату үшін резеңке оқ, көзден жас ағызатын газ қолдаған.
Amnesty International және Human Rights Watch халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары «полиция наразыларға қарсы күш қолданды» деп айыптады.
Халықаралық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, наразылық кезінде 15-66 жас аралығындағы 72 адам жарақаттанған. Олардың екеуінің жағдайы ауыр. Зардап шеккендер арасында 21 полицей қызметкері бар. Жергілікті ақпарат құралдары полиция наразылыққа шыққан екі адамды ұстағанын хабарлады.
Бұдан бөлек полиция Telegram чатының құрушысын да қамаған. Жергілікті басылымдардың дерегінше, наразылар Telegram мессенджеріндегі топ арқылы жиналып, ақылдасып отырған. Чатта шамамен 30 мың адам болған.
Telegram иесі Павел Дуров маусымның 12-сі күні мессенджерге Қытайдан хакерлік шабуыл жасалғанын хабарлады. Ол бұл шабуылды Гонконгтегі наразылықпен байланыстырады.
Наразылық лидерлері халықты маусымның 16-сы, жексенбі күні де көшеге шығуға шақырды.
НАРАЗЫЛЫҚҚА ТҮРТКІ БОЛҒАН ЗАҢ
Маусымның 12-і ел парламенті «кандайда бір қылмысқа күдіктілерді Пекин сұраған жағдайда құрлықтық Қытайға беру туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарауды кейінге қалдырды. Гонконг билігі заң жобасын маусымның 20-сы күні күшіне енеді деп хабарлаған.
Бұл заң жобасын Қытай билігі ұсынған. Заң жобасына сай, Гонконг аумағында жүрген адамды Пекин қандайда бір қылмысқа күдікті деп тапса, Гонконг ол адамды Қытай, Макао немесе Тайпейге экстрациялауы тиіс.
Наразылар «бұл заң қабылданса, Пекинді сынаушылар, Қытайдағы қысымнан қашып, Гонконгке келгендер, тіпті туристер зардап шегеді» деп санайды. Ал биліктің пайымдауынша, бұл заң жобасы «Гонконгке қашып, бас сауғалайтын қылмыскерлердің» санын азайтады.
Сыншылар заң жобасы қабылданса, Гонконгтің автономия статусына да нұқсан келеді деп есептейді.
Бұл заңға елдегі бизнес компаниялары мен банктер де қарсы. Гонконгтегі қаржы компаниялары қызметкерлерін наразылыққа қатысу үшін жұмыстан босатқан. Бизнес иелері заң қабылданса, Гонконгке келетін инвесторлар мен бизнесмендердің саны азаяды деп санайды.
ҚЫТАЙ НЕ ДЕЙДІ?
Қытайдың мемлекеттік басылымдарды Гонконгтегі наразылыққа сыртқы күштерді айыптады. China Daily басылымы бұл митингіге шыққандар «Қытайдың беделіне нұқсан келтіргісі келген шеттегі күштердің сөзіне ерді» деп жазды.
BBC сайтының хабарлауынша, Гонконгтегі наразылық туралы жазған шетелдік басылымдардың сайты Қытайда ашылмай тұр.
Ұлыбритания Гонконгті 1997 жылы Қытайға қайтарып берген. Гонконг – Қытайдың ерекше әкімшілік аймағы болып саналады, бірақ «бір ел – екі жүйе» принципімен жүреді.
Гонконгтің өз заңы бар, елдегі азаматтардың құқығы Қытаймен салыстырғанда жақсы қорғалады. Гонконг «қылмыскерлерді, я күдіктілерді экстрадициялау туралы» 20 елмен келісім жасасқан. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания бар. Ал Қытай мен Гонконг бұл келісімді 20 жылдан бері талқылап келеді.