Алматыда Денис Тенге арналған мемориал неліктен ашылмай қалды
Бүгін мәнерлеп сырғанаудың шебері, фигурист Денис Теннің дүниеге келген күні. Дәл осы күні Алматыда Қазақстанның атын әлемге жаңа серпінмен жаңғыртқан спортшыға құрмет белгісі ретінде мемориал ашылуы керек еді. Бұл тарихи сәтті бүкіл қазақстандықтар тағатсыздана күтті. Алайда, салтанатты рәсімнен қалып қалмауға асығып, шақырылған жерге уақытынан бұрын жетіп барған алматылықтар сан соғып, абдырап қалды. Себебі, мемориал ашылатын жерде құрылыс жұмыстары аяқталмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Ел мақтанышы дүниеден бір жыл бұрын озса да, халықтың оған деген сағынышы басылар емес. Бүгін оңтүстік астананың тұрғындары Денис Тенге тағы да бір мәрте құрмет көрсетіп, рухына тағзым етуді жоспарлаған еді. Бірақ мемориалдың мүлдем дайын емес екенін, ескерткішті қою үшін құрылыс жұмыстары аяқталмағанын өз көздерімен көрген қазақстандықтар марқұм спортшыға лайықты құрмет көрсетілмей жатқанын тілге тиек етіп, көздеріне еріксіз жас алды.
«Денис Тен біздің халықтың жадында ұлы адам ретінде мәңгіге сақталып қалады. Оның ел үшін сіңірген еңбегін ұмыту мүкін емес. Ата-анасына осындай керемет ұлды тәрбиелеп өсіргені үшін бас иеміз. Әрине, барлығымыз үшін бүгінгі жайт үлкен соққы болды. Оған құрмет көрсету үшін осы жерге келген адамдар мұндайды күтпеді. Өте ұят. Осыған (ескерткішті орнатуға — ред.) кім жауапты екенін білмеймін, бірақ олардың бұл ісі өте ұятты дүние», — деді тарихшы, журналист Лаура Барлыбаева.
«Ескерткішті уақытында салып, көтеруі керек еді. Бірақ енді ештен кеш жақсы дейді ғой. Бәрі оңалар. Қайткенмен де бұл азаматтың аты халық жадында мәңгі қалуы керек. Денис біздің байтақ елімізге зор үлесін қосты! Ресейде жүргенде де, Қазақстанды ойлап, Қазақстанның жалауын көтеріп, еліміз туралы неше түрлі жақсы, жылы сөздерді айтатын. Дүниеден озғанда жүрегіміз ауырып, бірнеше күн бойы есімізді жия алмай жүрдік. Бұл баланың орнын ешкім баса алмайды», — деді қала тұрғыны Рая Асқарова.
«Бір күн бұрын мемориалдың ашылуы болатынын білген соң, осында келіп едік. Мұндай жағдай орын алады деп мүлдем ойламадық. Мемориалға үлесімізді қоспасақ та, еліміздің атын әлемдік деңгейде жаңғыртқан ұлымызға құрметімізді білдіргіміз келді. Денис — керемет алтын фигурист еді, алар асуы әлі алда болатын, өкінішке орай жақсы азаматымыздан айырылып қалдық. Бұл баланың еңбегін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Отанымызға көп еңбегін сіңіріп, жастай өмірден озып кеткен спортшыны өсіп келе жатқан жас буын ұмытып қалмауы үшін ескерткіш орнатуға міндеттіміз», — деді Рауия Қайназарова.
Жиналған алматылықтардың барлығы бірауыздан Денис Тенді ешқашан ұмытпайтынын, оны қатты жақсы көретінін айтып, құрмет белгісі ретінде құшақ-құшақ гүл шоғын қойып жатты.
«Оны теледидардан көрген сайын, көзіме жас аламын. Ата-анасына осындай баланы тәрбиелеп өсіргені үшін үлкен рахмет. Жатқан жері жайлы болсын», — дейді алматылық Сұлужан Жолымбетова.
«Еліміз үшін өте маңызды адам еді, осындай жастарымыздан айырылып қалып жатқанымыз өкінішіті, — деп алматылық әйел көз жасына ерік берді.
Әзірге мемориалдың қай уақытта, қай күні ашылатыны белгісіз.
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.
stan.kz