Қазақстанның білім және ғылым министрі ауысты
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Күләш Шәмшидинованы білім және ғылым министрі қызметінен босатты. Білім министрі болып бұған дейін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болған Асхат Аймағамбетов тағайындалды. Бұл туралы жарлық 13 маусымда Қазақстан президенті әкімшілігінің сайтында жарияланды.
Мамандығы бойынша тарих пәнінің мұғалімі, заңгер 37 жастағы Аймағамбетов 2017 жылдың тамызынан 2019 жылдың қаңтарына дейін білім және ғылым вице-министрі болған. 2017 жылға дейін Қарағанды облысы білім басқармасына жетекшілік еткен. 2012-2014 жылдары Нұра ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары қызметін атқарған. Қарағанды мемлекеттік университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының доценті болған.
Қызметінен босаған 60 жастағы Күләш Шәмшидинова білім министрі болып биыл үкімет отставкаға кеткен соң, 25 ақпанда тағайындалған еді.