Жемқорлықпен күрес агенттігі енді тікелей Тоқаевқа бағынады
Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлықпен күрес агенттігі екі бөлек ведомствоға айналды. Енді бірі – мемлекеттік қызмет істері агенттігі, екіншісі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі деп аталады. Ақорда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 13 маусымда осындай жарлыққа қол қойғанын хабарлады. Жарлық қол қойған күннен бастап күшіне енеді.
Жарлыққа қарағанда, мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызмет және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасының сақталуын бақылау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган болады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі – сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтарын анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеуді жүзеге асыратын құқық қорғау органы болып саналады» деп жазылған жарлықта. Екі агенттік те енді Қазақстан президентiне тікелей бағынады және есеп береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусымда өткен президент сайлауында 70 пайыздан көп дауыс жинап, 12 маусымда Қазақстан президенті қызметіне кіріскен. Екі күн ішінде Тоқаев бірнеше жарлыққа қол қойды. Жаңа президент Бақытжан Сағынтаевты – президент әкімшілігінің жетекшісі, Кәрім Мәсімовті ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) төрағасы етіп тағайындады. Ал бүгін, 13 маусымда Нұр-Сұлтан қаласының әкімі қызметіне Алтай Көлгінов кірісті.