Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан әкімі болып тағайындалды
Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы жарлық Ақорда сайтында жарияланды.
1978 жылы туған Көлгінов бұған дейін, 2016 жылдан бері Батыс Қазақстан облысының әкімі болған. Басылымдар оның Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті мен Мемлекеттік басқару жөніндегі президент жанындағы академияны бітіргенін, «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Абердин университетінде оқып келгенін жазады.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов болған. Сұлтанов бұл қызметке 2018 жылдың 11 қыркүйегінде тағайындалған еді.
Көлгінов — 12 маусымда Қазақстан президенті қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев қызметке тағайындаған үшінші адам. Кеше, 12 маусымда Тоқаев Бақытжан Сағынтаевты – президент әкімшілігінің жетекшісі, Кәрім Мәсімовті ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) төрағасы етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қойған.