Ринат Зайытовтың ең атышулы мәлімдемелері
Елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүрген Ринат Зайытов қазақ халқының сүйіктісіне айналғаны қашан. Дегенмен елдегі соңғы оқиғалардан кейін атын жаңа естіген адамдар да аз емес. Әсіресе «қала» қазақтары әйгілі айтыскерді тани бермейтіні жасырын емес. Stan.kz назарларыңызға «Сайлау-2019» науқанының бас қаһармандарының біріне айналған Ринат Зайытов жайлы ең маңызды деректерді ұсынады.
Қыздарға бармаймын деп өтірік ақталмаймын
«Сырласу» бағдарламасына берген сұхбатында Ринат Зайытов «Қыздарға жақсы қараймын» деп, бұл өзінің кемшілігі екенін айтқан еді.
«…Жақсы қараймын. Қазір өтірік ақталмай-ақ қояйын, қызға кім бармайды деп… Былай айтқаным дұрыс шығар: ол менің кемшілігім», — деді Ринат. Бұдан жарының да, басқаларының да хабары барын айтқан ақын екі әйел алған ерлерді даттап жататын қоғамға ренішін де білдірді.
«Біз бір күйеуден ажырасып, екіншісіне тиген әйелге кешіріммен қараймыз. Үшінші, төртінші күйеуге тисе де, бұл оның тағыдыры ғой дейміз. Ал, екі әйел алған еркекті итше талауға дайын тұрамыз. Шын мәнінде, мен сыйлаймын екі әйел, үш әйел алған еркекті», — деді Ринат Зайытов.
Айта кетсек, 2016 жылы өткен айтыстардың бірінде Зайытов Оралдың айтыскер ақын қызы — Жансая Мусинаға сөз салып, «тоқалым бол» деп ұсыныс жасаған еді:
Жансая аманбысың, «мощный» қыз,
Жігіттерге сынбайтын «прочный» қыз.
Еркек шыбын қонбаған етегіне,
Басқаға қарағанда «точный» қыз.
Бір әйел, үш бірдей балам да бар,
Сені де асырайтын шамам да бар.
Бәйбішемнің тілін тауып ала білсең,
Солардан артылғаны саған қалар.
Ринат Зайытов — көпбалалы әке
Ол жары Зүлфия Тұрсынқызымен бірге төрт қыз, бір атұстарын тәрбиелеп отыр. Сұхбаттарының бірінде анасының көзі ұршық иіре алатын қызға түскенін, жұбайы қолы ашық, берекелі, ибалы, өте жақсы келін екенін тілге тиек еткен еді.
Зайытов — отандық ең мықты «хиттардың» авторы
Айтыскер ақын отандық «хиттардың» дүниеге келуіне мұрындық болған автор. Ол қазақ әншілері бірге жұмыс істеуді армандайтын, әндеріне мәтін жазуды жалынып сұрайтын ақындардың бірі.
Ринат Бейбіт Қорғанның «Шоқ қыздар» деген әніне қырғыз композиторы және авторы Ильяс Абдразақовтың шығармасын қазақшалаған. Ақылбек Жеменейдің «Қызыл өрік», Ғаділбек Жанайдың — «Есте сақта», «Күзгі жаңбыр», «Ханшайымым», «Turkvision» байқауының жеңімпазы, Жанар Дұғалованың орындауындағы «Ізін көрем» әні, Бағым Мұхитденованың орындауындағы «Ғашық жүрек», «Кешьюдің» «Ризамын», «Қазақ қыздары» әндеріне де сөзді жазған Ринат Зайытов.
Ринат Зайытов & Ninety One
Зайытовтың пікірінше, шашын бояп, құлақтарын тескен әншілерге жас буын еліктеп, солардай болуға ұмтылады. «Балалардың музыкалық бағытына тағар мінім жоқ, мәселе бұлардың сыртқы болмысында” деп, ол “Ninety one” сынды топтардың өсіп келе жатқан ұрпаққа жаман тәрбие беретінін айтты.
Айтыскер мыңдаған жастың кумирлеріне айналған топқа сөз тигіземін деп, өзін жек көретін адамдардың көбейіп кеткенін де жасырмады.
«Жолдас балалардың үйіне қонаққа барудан қалдым. Олардың балалары мені бір кездері «Ninety one» тобын сынағаным үшін жек көреді. «Ninety one тобын ұнатпайды мынау. «Үйге жолатпаңдар» деп айтады екен», — деп күлді Ринат Зайытов отандық «Түнгі студия» телешоуында.
«Димаш Құдайбергенов — таза Қытай саясатының құрбаны»
«Талқылайық» бағдарламасына берген сұхбатында Зайытов бүкіл әлем сүйіп тыңдайтын Димашты «Қытай сайсатының құрбаны» деп атады.
«Талант пен ұлтқа қызмет ететін адамды ажырата білу керек. Екеуі мүлде екі бөлек. Мен Димашты «Сендей әншілерден қорқамын» деп сынағанда біздің жастардың оның соңынан еретінін білдім. Ал Димаштың қазіргі образын кім қалыптастырды? Қай ұлт қалыптастырды? Қытай қалыптастырды ма? Олар біздің баланы бізге қарсы пайдаланып жатыр. Мен осылай болатынын білгенмін. Бұл — практика. Егер біздің министрліктің басы істейтін болса, оны «Славян базарынан» кейін Қазақстанның опералық паспорты ретінде пайдаланып, керісінше қоюы керек еді. Димаш Құдайбергенов қазіргі уақытта таза Қытай саясатының құрбаны» – деді ақын сұхбат барысында.
Айта кетсек, осыдан 3 жыл бұрын да қазылар алқасының құрамында отырған Ринат «Саз әлемі» тележобасында Димашты сынаған-ды.
«Өзім сен сияқты әншілерден қорқамын. Бұрын Витас секілді әншілер пайда болды деп қуанатын едік. Ал қазір бәрі шыңқылдай бастады. Осы еркек дауысты эстрадамыз Өмірқұл Айниязовпен бітіп қалады ма деп қорқамын. Шыңғырып айту өнер емес», — деген еді.
Зайытов сонымен қатар Ресейде танымал болған отандастарымыз Джа Халиб пен Скриптонитты да мойындамайтынын жеткізді. Оның пікірінше, олар екеуі де қазақ мәдениетіне үлес қосып жатқан жоқ және олардың «үлесін» ескеретін болсақ, Боратқа да алғыс білдіруіміз керек.
«Мені биліктің дұшпаны деп атайды»
Ринат Зайытовты халық көп адам айтуға батпайтын шындықты батыл айтатын, билікті сынауға қорықпайтын тұлға ретінде біледі. Халықтың көкейтесті мәселелері, мұңы Зайытовтың айтысында жиі қозғалатын тақырыптардың бірі. Тіпті ащы шындықты айтамын деп, айтыстан аластатылған кездері де болды.
«Біздің кейбір үлкен қалалар мен облыстардағы айтыстарға «Ринат Зайытов пен Айбек Қалиев қатыспасын» деген талап қойылады. Өйткені, осы ақындар бірдеме айтып қойса, салқыны өзімізге тиеді деп қорқады», — дейді Жүрсін Ерман бір кездері «қара тізімге» енген Зайытовқа қатысты.
«Ринаттың өтірігінен шаршап кеттім. Қонаевтың 100 жылдығына орай Алматыда өтетін айтысқа қатыстырмай, принцип ұстап отырмын. Ринатсыз да айтыс өтеді, бұл айтысқа қатыстырмаймын, үзілді-кесілді сөзім сол. Бұл менің Ринатқа жасаған «наказанием» деген еді бір сөзінде Ерман.
«Тай күнінде танып, анау Семейден өзім алып келгенмін. Қазір ол жұлдыз ауруымен ауырып жүр», — деп жауап берді ол Ринаттың айтысқа қатысты айтқан сынына. Бірнеше рет Зайытов өзге діни ағымдарды насихаттайтындар айтысты екіге бөліп, іріткі салғанын да қозғаған еді.
Күні кеше оның сайлаудың әділетсіз өткенін мәлімдеген айтыскер өзі саяси партия құрып, бұдан былай қол қусырып отырмайтынын жеткізген. Халықтан сайлау нәтижесі мен өзі сайлауалды штабына енген Қосановтың ел үмітін ақтамағаны үшін тізерлеп кешірім сұрап, сөйлеп тұрған жерінен ақынды полиция жасағы тұтқындап алып кетті. Арты мыңнан астам адамның жиналып, ақынның босатылуын талап еткен шеруге ұласты.
Ринатты тауып әкелген адам менмін
Айтыстың басы-қасында жүрген Жүрсін Ерман Ринатты үлкен айтысқа әкелген өзі екенін үнемі айтып жүреді.
«Семейде Оралхан Бөкейге арналған айтыста семейліктер алты бірдей жас ақынын көрсетіп, «ішінен біреуін таңдап ал» деді. Залда отырсам: «Аға, мына қазылардың бәрі арғындар мен тобықтылар, мен найман едім. Сахнаға шығармай жатыр. Мені шығарыңызшы», — деп құлағымның түбіне әлсін-әлсін сыбырлап кетеді. «Шықшы ал, сен бала», — дедім. Тыңдадым. Жап-жақсы айтыс жасады. Онда қазіргі «жұлдыз» Ринат жоқ, аяғында үлкен бәтіңке, құлағы қалқиған, жас бала. Колледжде оқып жүрген кезі ғой. Бітті, бұдан кейін: «Семейден Ринат Зайытов шығады», — дедім. Алматыға әкелдім. Тәрбиеледім. Тіпті үйіме жатқызып, білгенімді үйреттім», — дейді Жүрсін ағамыз.
«Шабытты моншада жуынғанда аламын»
Отандық БАҚ-тардың біріне берген сұхбатында ақын шабытты телефонмен қоңырау шалып, шақырып алатынын айтып әзілдеді. Шабытты моншада жуынғаннан алатын журналист ағасын еске алған Зайытовтың айтуынша, кейде адамның үстіндегі киімі шабыт алуға кедергі жасайды.
Ринат Зайытовтың өмірінде ұтып алған ең ерекше жүлдесі
“2001 жылы Астанада “Тазша бала” деген байқауға келгенбіз. Сонда Тұрсынбек бас жүлде, мен бірінші орын алдым. Тұрсынбекке ас үй жиһазын берді, маған ыдыс-аяқ берді. Әлі күнге дейін түсінбеймін. Не үшін? Екеуміз де ол кезде үйленбегенбіз. Станиславский “өнер киім ілгіштен басталады” дейді. Бізде Қазақстанда өнер ас үйден басталатын шығар деп ойладым”, – дейді Зайытов өткен күндерін еске алып.
stan.kz