Тоқаев барлық әкім мен мемлекеттік органның басшысына қатысты жарлыққа қол қойды
Қысқа сілтеме алу
Конституция бойынша жаңа сайланған президент қызметіне кіріскен кезде үш қала мен облыстардың әкімдері, сондай-ақ мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар басшыларының өкілеттілігі тоқтатылады
НҰР-СҰЛТАН, 12 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және облыстардың әкімдері, сондай-ақ президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары жаңа тағайындауларға дейін өз міндеттерін атқара береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлыққа қол қойды.
Конституцияның 87-бабының 5-тармағына сәйкес жаңадан сайланған президент қызметіне кіріскен кезде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және облыс әкімдерінің өкілеттілігі тоқтатылады.
«Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері тиісті әкімдер тағайындалғанға дейін өз міндеттерін атқаратын болсын», — делінген жарлықта.
Сонымен қатар, Тоқаев өзіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшыларына қатысты да осындай жарлыққа қол қойды.
Тағы оқыңыз: Сайлаудан соң үкімет отставкаға кете ме — Тоқаев жауап берді
«Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары тиісті басшылар тағайындалғанға дейін өз міндеттерін атқаратын болсын», — делінген президенттің жарлығында.
Жарлықтар қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.
sputniknews.kz