«Серпін» республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті
Байқаудың ұйымдастырушысы, Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығы» төрағасының орынбасары Айдос Мұқатаевтың айтуынша, бұл күндері «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша еліміздің 9 облысындағы 26 жоғары оқу орны мен 33 техникалық және кәсіптік білім беру колледжінде 16 мыңға жуық студент білім алуда. Былтыр алғашқы түлектері диплом алып, олардың 60 пайызы сол білім алған өңірлерінде жұмысқа орналасқан.
− «Мені шыңдаған «Серпін» атты республикалық кәсіби шеберлік байқауы үшінші рет өткізілуде. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында өтті. Байқауға жоғары оқу орындары мен колледждердің 3, 4-курс студенттері қатысты. Мақсат – өз саласының үздіктерін анықтау. Байқау соңында қатысушылар әртүрлі өндірістік кәсіпорындарға жұмысқа жолдама алуына мүмкіндік бар. Байқауға өңірдегі кәсіпорын өкілдері де шақырылды, − дейді А.Мұқатаев.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Әлиақпарованың айтуынша әрине алғашқы жылдары бұл жоба бойынша педагогикалық мамандықтар ғана оқытылған болса, қазір бұл қатарға техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары қосылды. Сөйтіп еліміздің әр өңірінен келген студенттер «Серпін» бағдарламасы арқылы еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарға даярлануда. Яғни студент жастар өндірістік-техникалық, кәсіптік салаларға қарай бейімделуде. Қазір өңірдің 8 колледжінде 464 студент білім алуда. Биылғы байқауға Павлодар, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарынан техникалық және кәсіптік білім беретін колледждерден 27 студент қатысты.
Байқаудың шарты бойынша, студенттер бірінші кезеңде өздерінің білім деңгейлерін көрсетсе, екінші кезеңде колледждерде және жеке кәсіпорындарға барып, радиотехника, электроника, көлік және телекоммуникация, аспаздық, азық-түлік өнімдері технологиясы, ақпараттық жүйе, малшарушылығы өнімдерін өндіру технологиясы салалары бойынша тәжірибелік сынақтан өтті.
Теориялық кезең С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өтсе, практикалық тәжірибе алаңы аграрлық-техникалық, бизнес, технология колледждерінде, Ақтоғай аудандық аграрлық колледжінде және «Жаңа қала» шаруа қожалығында өтті. Студенттер тамақ әзірлеу, малшаруашылығы өнімдерін өндіру, ауылшаруашылығын механикаландыру, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, тамақтандыру кәсіпорындары өніміндерінің технологиясы және өндірісті ұйымдастыру», «Экология және табиғатты қорғау қызметі», «Ветеринария», «Ауылшаруашылығын механикаландыру» сияқты салалардағы білімін нақты жобалары арқылы көрсете білді.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 4-курс студенті Әсет Ибраев «серпіндіктерді» шыңдайтын сайысқа қашықтықтан білім беру жүйесінің қазіргі заманға сай дағдыланған нұсқасын алып келіпті. Келер жылдан бастап еліміздегі кейбір жоғары оқу орындары қашықтықтан білім беру жүйесіне көшпек. Осы жаңашылдыққа серпіндік студенттер жаңа жобаларымен үлес қоспақшы.
– Павлодарға алғашқыда, 2014 жылы 50 бала ғана келді. Олардың қадамдары сәтті болып, 2015 жылы 175 студент оқуға түссе, 2016 жылы – 185, 2017 жылы 200 бала қабылданды. Түркістан облысынан − 258, Қызылордадан − 209, Жамбылдан − 32, Алматы облысынан − 4, Маңғыстау облысынан 2 жас келді. Былтыр «Серпінмен» келген жастардың алғашқы легі оқу бітіріп, 65 түлек қолдарына диплом алды. Бірақ, өкініштісі, үш жылдың ішінде 40-тай студент түрлі себептер бойынша оқуларын соңына дейін жеткізе алмай шығып кетіпті. Кәсіптік және техникалық білім беру бөлімі маманы Самал Обазованың айтуынша, оқу бітірген «серпіндік» жастар өңіріміздегі «Сүт» АҚ, «Сағып» ЖШС, Мойылды шипажайында, басқа да жеке кәсіпорындар мен бірнеше мейрамханада өз мамандықтары бойынша еңбек етуде. Олардың арасында білімін жоғарылату мақсатында университетке түскендері де бар.
Облыстық жастар саясатын дамыту басқармасы жанындағы «Жастар бастамаларын дамыту орталығының» мәліметінше, былтыр С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте, Еуразиялық инновациялық университетке және педагогикалық университетке оңтүстік өңірлерден 400-дей студент түскен.
Бір өкініштісі, облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, «Серпін» бағдарламасы бойынша 135 түлек оқу бітірген. Бірақ өңірде білім алған 47 жас биыл өздері туып-өскен ауылдарына қайта оралыпты. Жастар тегін жатақхана, шәкіртақы, қысқы жазғы киім, қысқы және демалыс кезінде үйге барып-келу үшін жолақымен қамтамасыз етілді. Алайда, жастардың өз өңірлеріне кетіп қалуларына бірден-бір себеп – баспана, үйдің жоқтығы. Павлодар бизнес колледжінің студенті Аяжан Шерінің айтуынша, бұрын жолақысына 11 мың теңге берілсе, қазір бұл қаржы 4 мың теңгеге дейін төмендепті. Павлодардан Шымкентке жүретін пойыз билетінің құны – 6500 теңге.
Келер жылы 174 студент колледж бітіреді. Сондықтан қазірден бастап бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп, мемлекеттік мекемелер мен әкімдіктердің және өндіріс өкілдерімен келісісөздер жүргізілуі қажет.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр облысқа келген сапарында «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқып жатқан жастармен кездескен болатын. Сонда «Еліміздің болашағы – жастардың қолында. Мен оқыған кезде осы тектес жатақханалар болған жоқ. Сіздерге қолайлы жағдай жасалған, оқыңыздар» деп қолдап, жігерлендірген еді.
Иә, Елбасы ұсынған «Серпін-2050» бағдарламасы 2014 жылдан бері жүзеге асуда. Осы жылдар аралығында облысқа оңтүстіктен 1324 студент білім алуға келіпті. Кәсіптік және техникалық білім беру колледждеріне төрт жылда 610 студент қабылданған. Бұл күндері еліміздің әр өңірінен келген студенттер «Серпін» бағдарламасы арқылы еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарға даярлануда. Яғни студент жастар өндірістік-техникалық, кәсіптік салаларға қарай бейімделуде.
Жалпы, «Серпін-2050» жобасының мақсаты – оңтүстік облыстардың жастарына солтүстік өңірлердегі жоғары оқу орындарында білім алуға, жұмысқа орналасуға жағдай жасау, өңірде бос қалып бара жатқан ауылдарға ел қондыру, ұлттың болашағы, қазақтың демографиялық өсім мәселесіне басты назар аудартады.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы