Тоқаев қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын айтты
12 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде қоғамдық сенім кеңесін құрылатынын және оның алғашқы отырыс тамыз айында өтетінін айтты.
«Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру жөн деп шештім. Оның құрамына барлық бірлестік өкілдері мен жастар енеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы осы жылдың тамыз айында өтеді. Билік халыққа берген барлық уәдесін орындауы тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев президенттің ұлықтау рәсімінде.
Оның сөзінше, «ұлттың бірлігі мен елдегі тұрақтылықты сақтап қалудың жол осы». Ал Қазақстанның сыртқы саясатын «конструктивті, үйлесімді, көпвекторлы бағытта» жалғастырып, «әлемдік аренада ұлттық мүддені қорғаймыз» деді президент.
«Елдің сыртқы саясатының жұмысы елге, ұлттық бизнеске, әрбір азаматқа пайда әкелетін болады», — деді Тоқаев.
«Қазақстан әлемдік аренада үлкен абырой жинады. Өзін бейбітшілікті сүйетін, ашық, сенімді мемлекет ретінде бекітті. Халықаралық істерде сенімді әрі жауапты серіктес екенін бекемдеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы ұлықтау рәсімінде.
12 маусымда таңертең Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіз сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті.
Тоқаев Қазақстан халқына салтанатты түрде ант бергеннен кейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев оған Қазақстан президенті куәлігін тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл ел президенті ретінде осымен екінші рет ант берді. Бұған дейін 20 наурызда, Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев кенеттен президент қызметінен кеткеннен кейін ол орнына қалдырған Тоқаев алғаш рет ант берген болатын. Сол күні Тоқаевтың ұсынысымен Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева парламент сенатының төрағасы болып тағайындалған.