Нұр-Сұлтанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі басталды
12 маусымда жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 11:00-де Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіз сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі басталды.
Орталық сайлау комиссиясының ресми ақпаратына сәйкес, Қазақстанда 9 маусымда кезектен тыс өткен президент сайлауында биліктегі «Нұр Отан» партиясының кандидаты әрі елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткен. ОСК мәліметінше, Тоқаевты дауыс беруге қатысқан азаматтардың 70 пайыздан көбі, яғни 6,5 млн сайлаушы қолдаған.
Жаңадан сайланған президент Қазақстан халқына салтанатты түрде ант берген сәттен бастап ресми қызметiне кiрiскен болып саналады.
12 маусымдағы инаугурация — тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алтыншы ұлықтау рәсімі. Бұған дейін елдің бірінші президенті 1991 жылы 10 желтоқсанда алғаш рет ант берген. Кейін осы қызметті үздіксіз атқарған Нұрсұлтан Назарбаев 1999, 2005, 2006, 2011 және 2015 жылдары да ант берген.
Сайлау болған күні Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте жүздеген адам сайлауға наразылық білдірген. Ресми дерек бойынша, Нұр-Сұлтан мен Алматыда кемінде 500 адам ұсталған. Олардың арасында наразылық шарасынан ақпарат таратқан журналистер (оның екеуі — Азаттық тілшісі) де бар.