Шымкентте «наразылық өтетін» жерден екі адамды полиция ұстады

0

11 маусымда Шымкент қаласының әл-Фараби даңғылында екі адамды полиция алып кетті. Бұған дейін осы даңғыл бойында орналасқан Shymkent Plaza сауда орталығы маңында «наразалық акциясы өтетіні» туралы ақпарат тараған. Қазір ол жерде бірнеше полиция қызметкері жүр, наразылық білдірген я ұрандатқан ешкім байқалмайды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Полиция даңғылға жақын маңдағы дәмханадан шығып бара жатқан бір адамды ұстап әкеткен. Екінші адамды жай киімдегі кісілер полиция көлігіне күштеп салып алып кеткен. Ұсталғандардың түрі анық көрінбеген.

10 маусымда Шымкентте белгісіз адам Азаттық тілшісі Дилара Исаның камерасын қара қолшатырмен көлегейлеп, журналистің кәсіби қызметін атқаруына кедергі келтірді.

Азаттық тілшісінің жұмысына кедергі жасаған адам бетіне медициналық маска мен көзілдірік киген. Сол маңда жүрген полиция әлгі адамның әрекетін көрсе де, ешқандай шара қолданбады.

Қазақстан ішкі істер министрлігі 9-10 маусымда елде бірнеше жүз адам ұсталғанын хабарлады.

«Наразылықтың бірінші күні 500-дей адам ұсталды, соның шамамен 400-дейіне әкімшілік хаттама толтырылды. Екінші күні 200-ге жуық азамат ұсталып, оның 150-іне хаттама толтырылды» деп хабарлады 11 маусымда ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз.

Azattyq