Реферат: Әдебиет | ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАННЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ
ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАННЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ
Ғұлама ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұланның тікелей оқытушылық қызметпен айналысқанын көрсететін бірнеше нақты мәліметтер бар.
Әлкей 1915 жылы Баянауылдағы үш кластық орыс мектебіне оқуға түсіп, орыс тілін үйреніп, әдебиет, есеп, тарих, жағрапия пәндерінен білім алып, мектепті 1918 жылу бітіріп шығады. Мектепте жақсы тәлім-тәрбие алған Әлкейдің өнер-білімге құштарлығы артып, үлкен қалаларға барып оқуды арман етеді.
1919-1920 жылдары Павлодар қаласындағы мұғалімдік курста оқып, мұғалім мамандығын алады да, содан соң 1920-1921 жылдары Баянауыл аудандық 1-ші дәрежелі екінші Далба мектебінде мұғалім болып қызмет істейді. 16 жастағы ауыл мұғалімі білімінің жеткіліксіздігін, толыспағынан сезіп, 1921 жылы Семей педагогикалық техникумына түседі. Оған сол оқу орнына түсуге себепші болған академик Қаныш Сәтбаевтың ағасы Әбікей Зейінұлы Сәтбаев болғаны туралы мынадай мәлімет бар:
«1920 жылы Баянауыл ауданының Далба деген жеріндегі мектепте сабақ беріп жүрген Әлкейге Әбікей Зейінұлы Сәтбаев көңіл аударып, оған өзі ректор болып істейтін Семей техникумына келіп түсуі жөнінде ұсыныс жасайды. Әлекең бұл ұсынысты куанышпен қабылдайда да, 1921 жылы сол оқу орнына барып түседі. О заманда дала өлкесіндегі ең қадырменді болып саналатын осы техникумды 1925 жылы табысты түрде аяқтайды. Мұнда техникум қабырғасында сол 1921 жылы Әлекең әдебиет пәнінен сабақ беретін Мұқтар Әуезовпен танысады. Мұқаңның өзі айтқанындай, Әлкей оған білмекке құмарлығымен, жастығына қарамастан гуманитарлық мәселедегі ой-өрісінің кеңдігімен қатты ұнайда да, оған бірден көңіл бөліп, қамқорлығына алады, біраз уақыттан кейін оны пәтеріне өзімен бірге тұруға шақырады /1, 32 бет/.
М.Әуезов Әлкейге техникумды бітірісімен оқуын жалғастырып, жоғары білім алуы керек екенін, Ленинградта оқуы керек екенін қайта-қайта айтады, оған Герцен атындағы пединститутке жолдама алып береді. Әлкей Мұқаңның айтқанын шын жүрегімен қуана қабылдап, 1925 жылы онымен бірге Ленинградқа аттанады да, Шығыс институтының түркология факультетіне түседі, мұнда оқумен бірге зерттеу жұмысымен де шұғылданады, шығармашылық үйірмелерге белсене қатысады. Әлкей бұл жерде де көзге түседі, көп үміт күттіретін жас ғалым ретінде, оған профессорлар назар аудара бастайды.
Әлкей Хақанұлы бар ықылас-ынтасымен тарихтың, философия мен өнердің объективті заңын білуге талпынады. Осы мақсатпен ол Ленинград Мемлекеттік Университетінің тарих-филология факультеті мен Өнер институтының арнаулы лекциялары мен сабақтарына қатынасады. Сөйтіп Әлкей жоғары мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ білім қорын молайтып, нағыз ойлы зерттеуші, болашақ педагог екенін танытады.
Әлкей Марғұланның жиырмасыншы жылдары Қызылжар қаласындағы педагогикалық техникумда әдебиет пәнінен сабақ бергенін жазушы Ж.Бектұров «Ғұлама» атты мақаласында былай еске алады: «Еліміздің ірі ғалымдарының сүбелі архивтеріне сүңгіген, көне мұраларды шүйгіген, бірқатар беделді оқу орындарында, оның ішінде Қызылжар қаласындағы өз тұсының алдыңғы қатарлы педагогика техникумында сабақ та беріп үлгерген адам-ды. Осы техникумда жиырмасыншы жылдардың орта кезінде Ә.Марғұлан оқыған дәрістің сол күндергі бірер конспектісіне соңғы кезде қайтыс болған оқымысты-жазушы С.Талжановтың қолынан кезінде көз жүгіртіп, Әлкеңнің жас шағында-ақ өте білімді ұстаз болғанына көзіміз жетіп еді» /1, 90-91 беттер/.
1930 жылы Қазақстан мектептерінде оқытылатын пәндердің оқу бағдарламалары комплексті сипатта жүзеге асырыла бастағанда Қазақстан Оқу ағарту Комиссариатының білім кеңесі «Қазақ шаруа жастар мектебіне арналған программа және түсінік хаттар» атты жинақ шығарды. Ондағы қазақ әдебиеті пәніне арналған «Суретті әдебиет» атты бағдарламаны жасаушылардың бірі Әлкей Марғұлан болды /2, 102 бет/.
1930 жылы көктемде Алматыда Бірінші Бүкілқазақстандық өлкетану съезі ұйымдастырылды. Сол съезге қатысқан түрколог-ғалым Н.А.Баскаков өзінің «Ғұлама ғалым» атты естелігінде сол кезде Марғұлан «… жаңа ғана ұйымдасқан Қазақтың Мемлекеттік университетінде қызмет істеп жүрді» дейді /1, 9 бет/. Ал сол жылдың күзінде оның Орта Азия Мемлекеттік университетінде қызмет істегені туралы академик Ш.Шокин былай еске алады: «Отызыншы жылдың күзінде мен оқу іздеп Ташкенге бардым. …Әлекең сол кезде Орта Азия Мемлекеттік университетінде жұмыс істейтін» /1, 38 бет/.
Әлкей Хақанұлы осындай көп жылдық педагогикалық қызметі арқылы тәжірибелі, шебер ұстаз дәрежесіне көтеріліп, қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихы бойынша мектеп оқушылары мен мұғалімдерге, студенттер мен жоғары мектеп оқытушыларына арнап бірнеше оқу құралдарын шығарған. Мысалы, ол 1941 жылы Қажым Жұмалиевпен бірігіп «Қазақ әдебиеті» атты орта мектептің 8 класына арналған оқу құралын жазған. Ондағы ауыз әдебиеті туралы түсінік, тұрмыс-салт жырлары, батырлар жыры, «Қорқыт» образы, «Жиренше шешен» образы туралы материалдарды Марғұлан жазған /3; 3-12, 16-28, 50-55 беттер/.
Марғұлан «Қазақстан ССР тарихы» оқулығын жазуға қатысқан /4/.
Тарихшы ғалымның «Қазақ ССР тарихын» жазу жұмысына сіңірген еңбегі өте зор. «Қазақ ССР тарихының» 1-томының «Қазақстан халықтары мен тайпаларының VI-XII ғасырлардағы мәдениеті» деп аталатын үлкен тарихын жазды. Онда VI-XII ғасырлардағы халықтар мен тайпалар мәдениетіне сипаттама берді. «Материалдық мәдениеттің дамуы», «Тұрғын үй және үй жиһаздары», «Тоқымашылық кәсібі мен киім-кешек», «Транспорт» жайында жазды. «Қалалар мен қоныстардың өсу тарихы», «Искусство мен архитектура» мәселесін баяндайды. «Рухани мәдениеттің дамуы» деген бөлімінде: «Тіл мен жазба», «Наным, дін» жайында айтылады. VI-XII ғасырлардағы әдебиет пен ғылым жайына ерекше тоқталады.
«Қазақ халқының XV-XVII ғасырлардағы мәдениеті» атты тарауды да Әлкей Марғұлан жазған. Бұл тарауда зерттеліп баяндалатын мәселелер:
1. Қазақтың материалдық мәдениетінің дамуы. Онда: қазақтың үйі, киімі, ішіп-жемі, тамағы, үй кәсіптері, көркем қолөнеріне тоқталады.
2. Халықтың әдет-ғұрпы. Онда: қыз ұзату дәстүрі, халықтың мерекелері баяндалады.
3. Ескі нанымдар мен дін. Білім. Онда: жерлеу дәстүрі, космогониялық түсініктер және халық календары жайын баяндайды.
4. Искусство мен архитектура.
Ғалымның VI-XII ғасырлардағы Қазақстан халықтары мен тайпаларының мәдениеті және қазақ халқының XV-XVII ғасырлардағы мәдениеті туралы еңбегінің өзінен ғана оны тарих, өнертану, археология, лингвистика, өнертану ғылымдарының білімпазы болғанын көреміз.
Фольклорист-ғалым «Қазақ әдебиет тарихын» жазуға белсене қатынасып, «Өтірік өлеңдер», «Жұмбақтар» атты тарауларын зерттеп жазды. «Ежелгі дәуірдегі эпос тудырған орта», «Қазақ эпос жырындағы әлеуметтік сарындар», «Қырғыздың «Манас» жыры», Қорқыт туралы зерттеулері, тағы басқа еңбектері ғалымның әдебиет тарихына қосқан үлкен үлесі.
Әдебиетші-ғалым Марғұланның абайтану және шоқантану ғылымдарына қосқан үлестері аз емес.
Сонымен, Әлкей Марғұлан ғылыми жұмыспен жан-жақты айналаса отырып, оны педагогикалық қызметпен ұштастырып, мектеп оқушылары мен студент жастарға этномәдени білім берумен өзі тікелей байланыстырған әмбебап ғұлама-ғалым және ұлағатты ұстаз болған екен…..