Бейбіт шеруге келгендерді жаппай ұстау конституциялық еркіндікті бұзады

0

Бейбіт жиында азаматтарды, журналистерді жаппай ұстау жиналу еркіндігі мен пікір айту құқығын бұзады деп мәлімдеді 10 маусымда Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауына байланысты алдын ала есебін жариялаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының парламенттік ассамблея делегациясының басшысы Маргарета Кинер Неллен.

«Сайлауға дайындық жақсы ұйымдастырылды, сайлау учаскелеріндегі дауыс беру жалпы алғанда тиісті дәрежеде өтті. Алайда көшеде бейбіт жиын өткізгендерді жаппай ұстау (олардың арасында журналистер де болды — М.Н) жиналу еркіндігі және пікір айту құқығын бұзады» деді ол.

ЕҚЫҰ сайтында жарияланған алдын ала есепте кезектен тыс президент сайлауы елде саяси өзгеріс жасауға мүмкіндік бергенмен «бейбіт жиындағы ұстаулар мен дауыс беру кезіндегі көп баңбұзушылықтар демократиялық стандарт сақталғанын көрсетпегені анық» деп жазылған.

Ұйымның пікірінше, Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы елде «шынайы демократиялық ауызбірлік пен ірі саяси, әлеуметтік және құқықтық реформалар қажет екенін» көрсеткен.

— Бұл сайлаулар Қазақстан қоғамы үшін маңызды болды, себебі ұзақ уақыт билікте болған бірінші президент сайлауға алғаш рет қатысқан жоқ. Жеті кандидат болса да (арасында әйел кандидат та бар) сайлау елде шынайы демократиялық ауызбірлік пен ірі саяси, әлеуметтік және құқықтық реформалар қажет екенін көрсетті. Жаңа президент пен билік бұл мүмкіндікті пайдаланып, институтқа сенімді күшейтіп, азаматтардың үміт-тілектеріне сәйкес іс атқаруы қажет. Алға жылжу үшін ЕҚЫҰ Қазақстанмен осы бағытта әріптестік орнатуға дайын, — деді ұйымның арнайы үйлестірушісі Георгий Церетели.

ЕҚЫҰ бақылаушыларының ойынша, сайлау басқару партиясы басымдыққа ие сыни пікірлер шектелген саяси ортада өтті. Ұйым өкілдері сайлау күнгі заңбұзушылықтар және қарапайым процедуралардың еленбей қалуы дауыс санаудың әділ өткеніне кепілдік бере алмайды деп санайды.

Ұйымның пікірінше, Конституция пікір айту еркіндігі мен ақпарат алу құқығының қорғалуына кепілдік берсе де, бұл құқықтар заңнамамен шектелген. ЕҚЫҰ есебінде сайттар мен әлеуметтік желілердің жартылай шектелгені де жазылған. Ұйымның жазуынша, сайлауалды кезеңде ақпарат құралдарында қазіргі президент кеңінен насихатталды, оны бұрынғы президенттің қолдауы да кандидаттарға тең мүмкіндік берген жоқ.

Ұйымның жазуынша, жиналу еркіндігі, бірлестіктер жұмысына қатысу сонымен бірге саяси өмірге араласу құқықтарының шектелі бұған дейінгі бар құқықтық базадағы ірі кемшіліктермен бірге елде демократиялық сайлау өткізуді қиындатты. Ұйым Қазақстанның бұған дейін айтқан басты ескертпе-ұсыныстарды ескермеген.

ЕҚЫҰ және демократиялық институттар мен адам құқығы жөніндегі бюродан кезектен тыс президент сайлауын бақылауға 339 бақылаушы тіркелді.

9 маусымда президент сайлауы болған күні Алматы мен Нұр-Сұлтан, Шымкентте жүздеген адам наразылыққа шығып, сайлауға бойкот жариялайтындықтарын айтты. Ресми дерек бойынша, Нұр-Сұлтан мен Алматыда кемінде 500 адам ұсталған. Құқық қорғаушылар ұсталғандар саны бұдан да көп екенін айтады.

Azattyq