Ақтөбе әкімдігі 9 маусымда оннан астам адамның ұсталғанын растады

0

9 маусымда Ақтөбеде полиция облыстық әкімдіктің жанына жиналған оннан астам адамды ұстаған. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мәди Елеусіз айтты.

— Ұсталған азаматтар қоғамдық тыныштықты бұзуға әрекет етті. Полиция оларды бөлімшеге апарып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді, — деді Мәди Елеусіз.

Ақтөбе полициясы азаматтардың ұсталуына қатысты әлі ақпарат берген жоқ. 10 маусым күні Ақтөбе облыстық әкімдігі жанында бірнеше автобус, полиция көлігі, өрт сөндіру көліктері мен жедел жәрдем машинасы тұрды. 9 маусымда да әкімдік маңында күзет күшейтілген еді.

9 маусымда Қазақстанда президент сайлауы өтті. Осы күні полиция Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте жүздеген адамды ұстады. Ақтөбеде де полиция адамдарды ұстағаны жайлы ақпарат тараған.

10 маусымда елде күзет күшейіп, полиция адамдарды ұстауды жалғастырды.

Фотогалерея: 10 маусымдағы жағдай

Azattyq