Тоқаевты ұлықтау рәсімі қашан және қалай өтеді?

0

Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев 70,76% дауыс жинап, президент сайлауында жеңіске жетті

НҰР-СҰЛТАН, 10 маусым — Sputnik. Жаңадан сайланған Қазақстан президентін ұлықтау рәсімі дауыс беру қорытындысы жарияланған күннен бастап бір ай ішінде өткізіледі.

Заң бойынша Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауының соңғы қорытындысын дауыс беру өткеннен кейін бір апта ішінде жариялауы тиіс. Яғни, 17 маусымға дейін биылғы сайлаудың нақты нәтижесі белгілі болады. Ал жаңадан сайланған президентті ұлықтау рәсімі дауыс беру қорытындысы жарияланған күннен бастап бір ай ішінде өткізілуі керек.

Бұл дегеніміз президенттің инаугурациясы 17 шілдеге дейін өтеді деген сөз. Ант беру күнін Орталық сайлау комиссиясы белгілейді.

Айта кетсек, Қазақстан президенті өкілеттігінің ауысуы 1995 жылдың 26 желтоқсанындағы Конституциялық заңның 27-бабында көрсетілген

Ант беру рәсімі

Президент халыққа ант берген соң қызметіне кіріседі. Ант мәтіні:

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан республикасы президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн».

Республика президентi анттың мәтiнiн мемлекеттiк тiлде айтады.

Ант беру салтанатты жағдайда парламент депутаттарының, Конституциялық кеңес мүшелерінің, Жоғарғы сот судьяларының, сондай-ақ елдің барлық бұрынғы президенттерінің қатысуымен өткізіледі.

Президент елдің Конституциясына ант етедi. Ант берiлгеннен кейiн Қазақстан республикасының мемлекеттiк гимнi орындалады. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы президентке Қазақстан республикасы президентiнiң куәлiгiн, омырауға тағатын белгiсiн, байрағын және «Алтын қыран» орденiн тапсырады.

Қазақстанда президент сайлауы қалай өтті

Қазақстанда 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Бұл жолы ел басқаруға үмітті жеті кандидат бақ сынасты. 

Республика бойынша 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Ал шетелдегі қазақстандықтар үшін 51 елде 65 учаске ашылды. 

Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша сайлаушылардың (сайлаушылар тізімінде 11 814 019 адам болды) 77,4 проценті дауыс беруге келген. Көш басында Алматы облысы – 89%, Ақтөбе облысы – 84,9% және Шығыс Қазақстан облысы. 


©
Sputnik / Арман Асқар

«Қоғамдық пікір» институты жүргізген Exit-poll нәтижелері

Тоғызынан оныншы маусымға қараған түні сағат он екіде Exit-Pool нәтижелері жарияланды. «Қоғамдық пікір» институтының Exit-poll қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев 70,13% дауыс жинады. Екінші орында 15,39% дауыспен Әміржан Қосанов.


©
Sputnik / Дәурен Ерболат

 «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген Exit-poll нәтижелері

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген сауалнама нәтижесі де Қасым-Жомарт Тоқаевтың 69,94% дауыс жинағанын көрсетті.  

10 маусымда Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады. 

ОСК мәлімдеуінше, 9 маусымда өткен президент сайлауында кандидаттар келесідей дауыс жинаған: 

  • Қасым-Жомарт Тоқаев — 70,76%;
  • Әміржан Қосанов — 16,02%;
  • Дания Еспаева — 5,2%;
  • Төлеутай Рақымбеков — 3,2%;
  • Амангелді Таспихов — 2,07%;
  • Жамбыл Ахметбеков -1,82%;
  • Сәдібек Түгел — 0,92%.



sputniknews.kz