Президент сайлауы 2019: халықаралық бақылаушылар не дейді
ҰҚШҰ миссияның құрамында Ресей, Беларусь, Армения мен Тәжікстан өкілдері бар
НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымның парламентаралық ассамблеясының атынан келген бақылаушылар №115 сайлау учаскесіне келді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Миссия басшысы Сергей Неверовтың айтуынша, осы уақытқа дейін бақылаушылар тобы 50-ке жуық учаскені аралап шыққан. Сайлаушыларға ешкім кедергі жасап жатқан жоқ. Сайлау учаскелерінің басым бөлігінде кандидаттардың өкілдері отыр. Олар миссия өкілдеріне өз ескертуін айтып отырады.
«Енді, маңызды ескертеулер жоқ деп айтуға болады. Бір кабинаға екі адам кіреді деп жатыр. Бірақ біз оны бірден комиссия төрағасына жеткізіп, түсіндіріп беруді сұрадық. Сосын урнаға пломба салынбады дейді. Біз оны да қарадық. Бюллетень салынатын жәшіктерде комиссия төрағасының қолы мен мөрі қойылған қағазды жабыстырады. Бірақ Қазақстан Республикасының заңы бойынша олай істеуге болады. Урнаға не пломба, не жаңағыдай қағаз жабыстырылады. Ең бастысы, бұның бәрін бақылаушылардың көзінше істеу керек», — деді Неверов журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, дауыс беру науқаны аяқталғаннан кейін миссия өкілдері барлық ескертуді талқылайды. Соның негізінде акт жасалады да, Қазақстанның орталық сайлау комиссиясына жіберіледі.
Тағы оқыңыз: Ресей депутаты Қазақстандағы сайлауға баға берді
Айта кетейік, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымның парламентаралық ассамблеясының атынан келген бақылаушылар тобында Ресей, Беларусь, Армения мен Тәжікстан өкілдері бар.
Қазақстан президенті сайлауы
Қазақстанда бүгін кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр.
Осы жолы Қазақстан президенттігіне жеті кандидат таласады.
- Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
- «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
- «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
- «Ауыл» партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
- Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
- Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
- «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.
sputniknews.kz