Ақтөбеде екі белсенді «ұсақ бұзақылық жасағаны» үшін үш күнге қамалды
8 мамыр күні Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік соты жергілікті белсенділер Әлібек Молдин мен Асылхан Жаубатыровты «ұсақ бұзақылық» (Әкімшілік кодекстің 434-бабы) бабы бойынша кінәлі деп тауып, үш күнге қамады. Бұл ақпаратты белсенділердің жақын достары хабарлады. Облыстық сот ақпаратты растады.
«Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының 8 маусым күнгі қаулысымен Асылхан Жаубатыров пен Әлібек Молдин үш тәулікке қамалды. Олардың үстінен ҚР Әкімшілік кодекстің 434-бабы бойынша іс қозғалды» деді облыстық сот өкілдері Азаттық тілшісіне.
Әлібек Молдиннің өзі 8 маусымда 14:30 шамасында Азаттық тілшісіне хабарласып, полицияның өзін сотқа апара жатқанын хабарлаған еді. Бірақ нақты не үшін өзін ұстағанын айтып үлгермеген. Оны жақсы білетін азамат Бақытжан Құрманов Азаттық тілшісіне сотқа барғанмен өзін кіргізбей қойғанын айтты. Оның болжамынша, белсендіні «көлік терезесінен пластик бөтелке лақтырғаны үшін» әкімшілік жазаға тартқан болуы мүмкін.
8 маусымда қамалған екінші белсенді Асылхан Жаубатыровтың інісі Жанат Жаубатыров Азаттық тілшісіне ағасын «бейтаныс бір адамды балағаттағаны үшін» қамағанын айтты. Сотқа қатысқан белсендінің інісінің айтуынша, отырыс кезінде ағасы шағымданушыны бірінші рет көріп отырғанын айтқан.
— Бірақ оған ешкім құлақ асқан жоқ. Менің ойымша, бұл сайлау алдында әдейі ұйымдастырылған сияқты, — дейді Жанат Жаубатыров.
Інісінің сөзіне қарағанда, Асылхан Жаубатыров бұған дейін Астана қаласы атауының Нұр-Сұлтан болып өзгеруіне қарсылық білдіріп, әлеуметтік желілерде биліктің әрекетін жиі сынаған.
Сот қаулысына сәйкес, шағым беруші азамат Жаубатыровты «көлікпен қағуға аз қалды», ескерту айтқан соң «көліктен шыға сала балағаттады» деп сотқа шағымданған. Сотта Жаубатыров тағылған айыпты мойындамаған. Істі судья Айнұр Жүндібаева қараған. Ал Молдин ісін судья Дәурен Хамиев қараған.
Жергілікті белсенділердің айтуынша, Әлібек Молдин бұған дейін Ақтөбедегі орталық саябақта сайлаудың әділ өтуін талап етіп, наразылық білдірген. Әзірге Молдинге шыққан сот қаулысы жарияланған жоқ.