Алматыда ресейлік зерттеушінің Маңғыстау жайлы сурет көрмесі ашылды
Алматыдағы Esentai Gallery ғимаратында тарихшы, өнер сыншысы, аудармашы әрі эссеист Андрей Фоменконың «Кәдімгі тарих» атты көрмесі ашылды. Оған 70 сурет қойылған. Esentai Gallery-ның директоры Тоғжан Сақбаеваның айтуынша, әрбір сурет зерттеуге негізделгендіктен мұндай суреттер топтамасы көпшілікке бұрын-соңды көрсетілмеген.
Андрей Фоменко көрмеге 2017 және 2018 жылдары Маңғыстау облысына барған кезде түсірген суреттерін қойған. Әр сапарында өзі қызық деп тапқан нысандарды бірнеше рет жалғыз өзі жаяу аралап, зерттеген. Үш жарым тәулікте 115 шақырым жүріп өткен кезі де болған. Адасып қалмау үшін навигаторды қолданған. Өзгелермен байланысып отыру үшін телефонды ғана қолданған. Оның айтуынша, жолда ірі қауіп-қатер деп атайтындай жайттар болмаған — көбі ауа райына байланысты қиындықтар. Бір түні қатты жаңбыр астында қалып қалған. Бірде суы бітіп, әбден қаталаған.
Автор Үстірт шоқысы, Сор Түзбайыр, Шерқала, Айрақты тауында, Каспий теңізінің жағасында және Маңғыстаудың өзге де жерлерінде болған. Ол жергілікті жер бедерін, жануарлар мен өсімдік әлемін, мазарлар мен зираттар, петроглифтер, Шақпақ ата мешітін, жергілікті тұрғындарды суретке түсірген.
«Кез келген адам Ай, Марс, Венераға бара алмауы мүмкін, бірақ Маңғыстауға бара алады. Бұл табиғат жағдайы өте қатал аймақ. Онда тіпті тұщы су да жоқ, тұзы бетіне шығып жатыр, жылдық орташа температурасы өте жоғары. Климат жағдайына табиғаты да сай. Құдды метафизикалық әлемге өтіп кеткендей. Физикалық және метафизикалық әлем арасындағы дәл осы шекара мені таңдандырады. Суреттерімнің барынша қарапайым, анық, қатаң, өзі баяндап тұрғандай болғанын қаладым» деді ол.
Салааралық зерттеулер кафедрасының профессоры, өнер саласындағы практик, өнертану ғылымының докторы Андрей Фоменко Санкт-Петербург қаласында тұрады және сонда жұмыс істейді. Зерттеулерінің негізгі тақырыбы: советтік фотоавангард. Суретке түсіру теориясы бойынша бірнеше кітап шығарған. Орталық Азияны жақсы біледі. Әкесі Қырғызстандағы Манас әуежайының құрылыс жобасына жетекшілік еткен кезде бірнеше жыл сонда тұрған. Бішкектегі көркем өнер училищесінде оқыған.