Шетелдегі қазақтар жаңа сайланатын президенттен не күтеді?
Фариза Жорабек, Гонконг
Жаңа президент халықтың айтқанына құлақ асып, шешім қабылдарда жұртпен келісуі тиіс. Барлық келісім мен шешім келісіммен жасалуы қажет. Бұдан бөлек, барлық салада жемқорлықты жою үшін нақты істер жасалуын күтеміз. Жаңа президент еліміздегі экология мәселесін шешуі тиіс. Қазір әлем елдері экологиялық проблемалармен күресіп жатыр. Қазақстанда осы әлемдік қозғалыстың бір бөлшегіне айналса деймін.
Қажы Акпар Аюби, Дания
Менің жалғыз күтетінім – әділетті Қазақстан. Әділдік болса елдегі халықтың жағдайы жақсарады. Қоғам әділетті болса, ешбір қазақ сырт елге кетпейді. Адам өз елінде карьера жасай алмаса, сырт елден мүмкіндік іздеуге мәжбүр болады. Өкінішке орай соңғы жылдары коррупция, бір адамның 30 жыл билікте отырғаны масқара жағдай болып, сырт елдің көзіне көрінді. Келешектегі президент сол әділетті қоғам орнатса, біздер де келешекте қазақпыз деп кеудеміз көтеріп, басымызды тік ұстап, айтып жүретін боламыз.
Темірлан Еңсенбек, Грузия
Жаңа президент құқық қорғаушылар мен белсенділерді қудалауды тоқтатса деймін. Ендігі президент Елбасы туралы заңның күшін жойып, бірінші президентті жазаға тартуға болмайды деген құқығын жойса деп ойлаймын.
Әбдіғазиз Жақсылық, Польша
Жаңа президент сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігін қамтамасыз етуі тиіс. Азаматтық қоғаммен диалогқа дайын болса деймін. Халықпен жұмыс істейтін мемлекеттік органдарға реформа жасап, әкімдер мен соттарды сайлау арқылы тағайындайтын жүйе жасауы керек. Жемқорлықты түбімен жойып, парамен ұсталған адамдарды қызметіне қарамай жазалайтын қатаң заң қабылдаса деймін.
Қайыржан Әлбазаров, Дания
Жаңа президент шыншыл, ашық, адамгершілігі мол болса деймін. Ол халыққа қызмет ететінін толық түсінуі тиіс. Барлығымыз бір қайықта екенін түсінуі керек. Халыққа жақсы болса, оған да жақсы болмақ.
Алина Болат, Ұлыбритания
Жаңа президент біраз жылдан бері Қазақстанда қалыптасқан билік жүйесі жұмыс істемейтінін түсінсе деймін. Бұл басқару жүйесінде ешқандай болашақ жоқ. Жаңадан сайланатын президент басқару жүйесін өзгертуге күш салса деймін. Барлық мемлекеттік қызметкерлерге дұрыс саяси білім беруі тиіс деп ойлаймын.
Данияр Сәбитов, Чехия
Ол мемлекет басшысы емес, атқарушы биліктің жетекшісі болуы тиіс. Қазақстанда биліктің үш тармағы дұрыс бөлінбейінше, билік демократияға сай құрылады деу қиын.
Абдулсамед Алтай, Франция
Шеттегі қазақтарға Қазақстанда біраз ұзақ уақытқа тұруға рұқсат берсе дейміз. Сыртта жүрген қазақтар [Қазақстанға] барып, сонда тұрғысы келеді. «Қазақстаннан үй сатып алсақ, жер сатып алсақ» деген ойлары бар. Соған бір жеңілдіктер болса деймін. Өйткені шетте тұратын қазақтарға шетел азаматы ретінде Қазақстанда үй, жер сатып алуға біраз қиыншылықтар бар. Бұдан бөлек, Еуропада тұратын қазақ диаспорасына көмек беретін орталық ашып берсе деймін.
Жапар Шадкам, Иран
Шетелдегі қазақтар Қазақстанға барса тіл жағынан қиналады. Елге барғанда орыс тілін білмейтіндерге көмектесетін орталықтар ашса жақсы болар еді. Ираннан Қазақстанға өз күшімен көшіп жатқандар бар. Қазақстанға шетелден көшіп барған қазақтарға көмек көрсетіп, баспана мен жұмыспен қамтамасыз еткенін қалаймыз.