Алматы мен Нұр-Сұлтанда сайлау күні дрон ұшыруды шектейді

0

Қазақстанның азаматтық авиация комитеті жексенбі, 9 маусымда Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында дрон ұшыруға шектеу қойылатынын хабарлады. Бұл күні елде кезектен тыс президент сайлауы өтеді.

Қорғаныс және ішкі істер министрлігінің ортақ қабылдаған шешімінде таңғы 4 пен түнгі 12 аралығында шағын ұшу аппараттарын қолдануға шектеу қойылғаны жазылған.

«Аталған кезеңде бұл елді мекендер үстінен [дрон] ұшыруға рұқсат берілмейді» делінген индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты азаматтық авиация комитеті хабарламасында. 500 метр биіктікке дейінгі аралықты қамтитын шектеудің әуежайлар мен авиарейстердің жұмысына қатысы жоғы айтылады.

2017 жылы тамыз айынан бері дрон сияқты шағын ұшыру аппараттары бар азаматтар оны қолдану үшін ұшу жоспарын көрсетіп, қауіпсіздік органдарынан рұқсат алуы тиіс.

Авиация комитеті аппараттарды рұқсатсыз ұшырған азаматтарға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін екенін ескертеді.

Azattyq