Ресей мен Қытай өзара саудада юань және рубль қолдануды ұлғайтпақ
Мәскеу пен Пекин екіжақты сауда қатынасында рубль және юаньмен есеп айырысуды ұлғайту туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы 5 маусымда Кремльде Қытай президенті Си Цзиньпинмен кездескеннен кейін Ресей президенті Владимир Путин хабарлады.
Ол қазіргі кезде «екі елдің әріптестігі бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жеткенін, ал негізгі мәселелер бойынша ұстанымдары сәйкес» екенін айтты.
Ресей президентімен өткізген келіссөзден кейінгі сөзінде Си Цзиньпин қазір Мәскеу мен Пекин қарым-қатынасы ең жақсы кезеңіне аяқ басты деп мәлімдеді.
Сәрсенбі күні Ресей мен Қытай лидерлері Мәскеу хайуанаттар бағына екі панданы табыс ету рәсіміне қатысты. Путин бұл оқиғаны Ресейге көрсетілген зор құрмет пен сенімнің нышаны деп атады.
Си Цзиньпиннің Мәскеуге сапары бұрынғы СССР мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 70 жыл толуымен тұспа тұс келді. Қытай басшысы бұл сапарында Санкт-Петербургте 6-8 маусым аралығында өтетін халықаралық экономикалық форумға қатысады деп хабарланды.