Алматыда бірнеше белсендіні полиция мен әкімдікке шақырды

0

4 маусымда әлеуметтік желіде бірнеше белсенді өздеріне полиция қызметкерлері келіп, полиция бөлімшесі мен Алматы әкімдігіне шақырғанын хабарлады. Кейбірі полиция шақыру қағазын табыстаған сәтті Facebook парақшасы арқылы тікелей эфирден көрсетті.

Полицияның шақыруымен Алматы полиция департаментіне барған Сәуле Әбілдаханқызының айтуынша, оның үйіне бір күнде төрт рет полиция қызметкері келген.

— Бірінші жолы, Бостандық аудандық ішкі істер бөліміне, екінші жолы Алматы қаласының полиция департаментіне, одан соң Түрксіб ауданы ішкі істер бөліміне шақыру қағазын берді. Төртінші жолы, Бостандық аудандық ішкі істер бөліміне шақырған полиция қайтып келіп, Алматы қаласы полиция департаментіне баруымды сұрады, — дейді ол.

Сәуле Әбілдаханқызының айтуынша, полиция шақыру себебін толық түсіндірмеген, «үстінен әлдебір әйелдің шағым түсіргенін» айтқан.

«Шағымданған әйелді танымаймын» деген Сәуле Әбілдаханқызы полицияның шақыру себебі басқаша болуы мүмкін деп болжайды.

— Әлеуметтік желіде билікке наразы сипаттағы посттарды көбірек жазып жүрмін. Билікке ішкі қарсылығымды, ұстанымымды ашық білдіргенім ұнамайтын болар. Көп балалы әйелдер наразылығы әлі тоқтамай тұр. Биыл ақпаннан бері оған да белсенді араластым. Бұл да түрткі болды деп ойлаймын,-дейді ол.

Сәуле Әбілдаханқызы полицияға жиі шақыруын алдағы президент сайлауы қарсаңында белсенділерге қысым көрсету деп те бағалайды. Полиция департаментінде оған тергеуші «Сәуле Әбілдаханқызы көшеде тоқтатып, жиынға шығуға шақырды. Егер жиынға барсам, материалдық жағдайымды жасап беремін деп уәде берді» деген арызды көрсеткенін айтты.

— Тергеушімен адвокат арқылы сөйлесемін деген соң босатты. Енді адвокат табуым керек, — дейді ол.

Полиция көп балалы аналар мәселесін көтеріп жүрген белсенді Ирина Кимді де департаментке шақырған. Оның айтуынша, полиция қызметкері бір күн бұрын келіп, Нұр-Сұлтанда наразылық білдіріп жүрген көп балалы әйелдермен қандай байланысы бар екенін сұраған.

— Бізді үлкен қоғамдық ықпалы бар ұйым деп қауіптенетін секілді. Біз көп балалы әйелдерге мемлекет бөлген қаржыны ғана талап етіп жүрміз,-деп таңырқайды Ирина Ким.

Қоғам белсенділерінің бірі Әлнұр Ильяшев учаскелік полиция Алматы қалалық қоғамдық даму басқармасына шақырғанын айтады.

— Онда теологтар діни радикалды көзқарасым бар ма, жоқ па деген мәселені анықтауы тиіс екен. Тексеріп, діни көзқарасымның жоқ екеніне көзі жетті. Полиция қызметкерлері тек қана бұйрық орындап жүргенін алға тартып, сыпайы сөйлесті, — деп күледі ол.

Әлнұр Ильяшев те өзіне полицияның жиі назар аудара бастағанын алдағы президент сайлауымен байланыстырады. Ол 2018 жылы күзде бірнеше рет өтініш жасаса да, митинг өткізуге рұқсат бермеген Алматы әкімдігін сотқа берген еді. Сот оның шағымың қанағаттандырмаған.

Әлнұр Ильяшев

Әлнұр Ильяшев

Азаттық тілшісі Алматы қалалық полиция департаментіне хабарласып, белсенділерге байланысты мәселенің мән-жайын білуге тырысты. Департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек «әуелі мән-жайды анықтап, қосымша хабарлайтынын» айтты.

Azattyq