Алматы облысында жүздеген ауланы су басты
Алматы облысы Панфилов ауданындағы Пенжім ауылында 270-тен аса ауланы су басты. Бұл туралы Азаттыққа 4 маусым күні Қазақстан ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің Алматы облысы бойынша өкілі Азамат Жұртбаев хабарлады.
— 3 маусым түнде нөсерден кейін Пенжім ауылында 270-тен аса үй ауласын су басып қалды. Су ағыны тек екі сағаттан кейін бәсеңдеді, қазір жағдай қалыпты. Ол жерде техника мен адамдар жұмыс істеп жатыр. Қаза болғандар жоқ, — деді комитет өкілі.
Оның сөзінше, су тасқынына байланысты Панфилов ауданында арнайы жедел штаб құрылған.