ШҚО әкімі 15 мың гектар жердің Қытайға берілгенін мойындады

0

40 мың гектар жер Қытайлардың қолына берілді деген ақпарат жалған деген ШҚО әкімі облыста 15 мың гектар жердің аталған елдің компаниясына берілгенін мойындады, 31 арна.

Бірақ, әкімнің айтуынша, Бесқарағай ауданындағы бұл телім бұған дейін заң аясында берілген. Әкім бұдан басқа Қытай немесе шетелдің өзге де бірде бір кәсіпорнына жер сатпадық, жалға берілмеді деп отыр.

«Бұл — өте маңызды. Мораторий жарияланбай тұрып, 2015 жылдың 20 қазанында Бесқарағай ауданында байқау нәтижесі бойынша бір шетелдік компания 14 890 гектар жерді 10 жылға уақытша жалға алған. Бұл — қытайлық «Лонфин» компаниясы, біздің облыстағы жалғыз факт», — дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Компания өкілдері 400 миллион теңге инвестиция құйыпты. Бұл ақпаратты бұған дейін де жасырған емеспіз деген облыс әкімі қазіргі мораторий жарияланған уақытта ешқандай да жер шетелдікке берілмейтінін айтып сендірді.

2013 жылы 49 жылға 2 000 гектарға жуық жерді алған қытайлық компанияның жері заң талаптарының бұзылуына байланысты мемлекет меншігіне қайтарылыпты.

stan.kz