Түркістанда «теріс діни ағым өкілдері» ұсталғаны хабарланды
3 маусымда Түркістан облыстық полиция департаменті Түркістандағы базарлардың бірінде деструктивті діни ағым өкілдері ұсталғанын хабарлады.
Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзованың айтуынша, департаменттің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен арнайы жасақ үш күдіктіні қаладағы базарлардың бірінен ұялы телефондарды алып-сататын және жөндейтін орыннан ұстаған.
«Олар ұрланған ұялы телефондарға арнайы деструктивті ағымды насихаттайтын мәліметтерді жүктеп, сатқан» дейді Қаракөзова.
Күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» бабымен іс қозғалған. Олар уақытша қамауға алынған. Айғақты заттар алынып, бірнеше сараптама тағайындалған.
Халықаралық ұйымдар Қазақстан діни наным-сенімге көп шектеу қояды деп сынайды. АҚШ-тың діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Халықаралық діни бостандық жайлы 2018 жылға арналған есебінде «Қазақстан үкіметі исламның суннит ағымын, ханафи мазхабын қолдайды. Ал исламның басқа ағымдарына күдікпен қарайды» деп жазды.