Станимир Стоилов Грузиямен болған ойын жөнінде айтып берді
2018 жылғы 20 қараша 08:44 50
АСТАНА. ҚазАқпарат — Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов Грузиямен болған матчтан кейін журналистер сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz порталына сілтеме жасап.
— Бүгін жақсы матч болды. Қос команда да барын салды. Грузияның жеңісі адал. Бірінші таймда біздің ойыншылар аймақтарды жақсы қорғап жүрді. Бірақ екінші таймда №10 нөмірлі ойыншыға (Гиорги Чакветадзе — авт.) шамасы келмеді. Ол бізге көп кедергі жасады. Бұл футболшы біздің құрамамен болған екі ойында да басымдық көрсетті.
— Бірінші матчта аса маңызды голды Чакветадзе соқты. Бүгінгі ойында да көп еңбек етті — гол+пас жасады. Ойынға дайындық кезінде дәл осы футболшыға қарсы тұру туралы міндет қойған жоқсыздар ма?
— Дұрыс айтасыз, грузин құрамасының №10 футболшысы екі ойында да шешуші рөл атқарды. Жақсы гол соқты, өзі де жақсы ойыншы. Біздің шеткі қорғаушылар оған қарсы тұра алмады.
— Мотивация жөнінде ойыншыларға айтар ренішіңіз жоқ па?
— Ынтадан гөрі біліктілік пен сенімділік жетіспеді. Бүгінгі ойынға допты ұзағырақ қадағалауда ұстайтын әлдеқайда тәжірибелі футболшылар қатысқан жоқ.
— Дебютанттар ойынын қалай бағалайсыз?
— Бүгін біз негізгі құрамда бұрын ойнамаған бірнеше ойыншының өнерін көруге тиіс едік. Олар барын салып ойнап, көп тер төкті. Алайда олардың тәжірибесі аз, үйренетіні көп екені байқалып қалды. Біздің шабуылшылар бүгін өздерін лайықты деңгейде көрсете алмады. Орайлы сәтте жүз пайыз мықтылығын көрсетуге сәл ғана жетпей қалған әттегенай дейтін тұстар болды.
— Екі ойында Қазақстан қақпасына 4 гол соққан Грузияның жолы болып кеткен сияқты көрінген еді. Жалпы, қос команда арасындағы біліктілік бойынша айырмашылық қатты әсер етті ме?
— Кешегі баспасөз мәслихатында Грузия топтағы бірінші орынды өз еңбегімен иеленгенін, соған лайық екенін айтқан едім. Олардың футболшылары өздеріне өте сенімді. Бізде қорғаныс бойынша бірқатар проблемалар бар. Қазір соны түзетуге тырысып жатырмыз. Нақты пасты жақсылап ойластырып, дәл іске асыру оңай емес. Сонымен қатар, шабуылға қатысты да кемшіліктер бар, ол әрбір орайлы сәттің ойдағыдай аяқталуына әсер етеді. Оның үстіне бір маңызды нәрсені айта кету керек — бүкіл турнир бойында біздің жолымыз болмады, бізге шынымен де осы нәрсе жетіспеді.
— Кеше сіз адам толы стадионға қуанатыныңызды, одан қорықпайтыныңызды айтқан едіңіз. Ал бүгін не дейсіз?
— Біз одан өзімізге пайдалы сабақ ала білдік. Ойын кезінде атмосфера жақсы болды. Мен оған әрқашан қуаныштымын. Халық футбол тамашалауға келді және команда лайықты ойын көрсете білді. Менің ойымша, салмақты қарсыласпен болған осындай матчтар арқылы біздің құраманың сапасы артып, өсе түседі.