ШҚО әкімі «Қытайға жер беріледі» деген ақпаратқа түсініктеме берді
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов облыс аумағынан «300 га жердің қытайлықтарға берілетіні жайлы» ақпаратқа түсініктеме берді. Бұл ақпаратты жергілікті интернет-ресурстарға сілтеме жасаған ҚазТАГ агенттігі хабарлады.
«Аймақ басшысы ретінде ресми түрде мәлімдеймін: Үржар, Күршім, Жарма ауданындағы бірде-бір метр жер Қытай азаматтарына тиесілі емес. (…) Шығыс Қазақстан облысынан жер сатылған жоқ және сатылмайды да, шетел азаматтарына немесе шетел азаматтары қатысқан заңды тұлғаларға жалға берілмейді. Соңғы кезде пайда болған ақпараттың жалған және жала екеніне сенімдімін» деді Даниал Ахметов жұма, 31 мамырда өткен брифингте.
Ол 2016 жылы Қазақстанның бірінші президентінің жарлығымен шетелдіктерге жер сатуға мораторий жарияланғанын тағы бір рет еске салған.
«Сол себепті мемлекеттік билік органдарының барлық әрекеті қатаң заң аясында, қоғам және БАҚ өкілдеріне ашық түрде жүзеге асырылып жатыр» деді облыс әкімі.
Облыс басшысының айтуынша, мораторий жарияланғанға дейін 2015 жылы қазан айында бір шетел азаматы Бесқарағай ауданынан 14 890 гектар жерді 10 жылға уақытша пайдалануға алған.
«Бұл жер қазір пайдаланылып жатыр. 400 миллион теңгеден астам инвестиция салынған» деді Ахметов.
Соңғы кезде әлеуметтік желілер мен мессенжерлерде «қытайлық кәсіпкерлерге ШҚО-ның Үржар, Күршім, Жарма ауданынан ауыл шаруашылығы жерлері сатылғаны» туралы ақпарат тараған еді.
23 мамырда ШҚО жер қатынастары басқармасының жетекшісі Виктория Барсукова мемлекет резервінен шығарылған 300 га жердің қытайлықтарға сатылмайтынын айтқан болатын.
«Қазіргі кезде [Үржар] ауданы аумағында 300 га жер мемлекеттік резервтен шығарылған. Бұл екі жер телімінде құс фабрикасы салынады деп жоспарланған. Ірі құрылыс жобасына қазақстандықтармен қатар, шетел инвесторлары да қатыса алады. Жер ұзақ жылға жалға беріледі, бірақ мұнда оны сату туралы әңгіме жоқ» деген Барсукова.
Облыстық басқарма дерегінше, Үржар ауданында тағы 40 мың гектар жердің мемлекет балансында екені айтылады.
2016 жылы сәуірдің 24-іне Атырау қаласында жер мәселесіне байланысты митинг өтіп, наразылық акциялары Қазақстанның өзге де қалаларында да жалғасты. Сол жылы мамыр айының басында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіндегі резонанс тудырған заң баптарына мораторий жариялаған. Оған шетелдіктерге жерді жалға беру туралы заң баптары да қосылған. Онан кейін үкімет жанынан жер реформасын халықпен бірге талқылау үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссияның құрамына шақырылған бірнеше белсенді оның жұмысына қатысудан бас тартқан.
Жер комиссиясының негізгі ұсынысы осы мораторийдің мерзімін 2021 жылдың соңында дейін ұзарту болған. Президент Назарбаев 19 тамызда шетелдіктерге жерді жалға беру туралы заңға 2021 жылға дейін мораторий жариялаған. Осы шешімнен кейін жер комиссиясы жұмысын аяқтаған.
2016 жылы сәуірдегі жер шеруінен кейін атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян «әлеуметтік араздық тудырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу заңдарын бұзды» деген айыппен бес жылға сотталған. 2018 жылы сот Талғат Аянның түрмеден уақытынан бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырып, оны бостандыққа шығарған. Макс Боқаев «қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын» айтқан.