Петропавлда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

0

31 мамырда Петропавлда тұрғындар сталиндік репрессия кезінде қаза болғандарды еске алып, қаладағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің алдына жиналды.

Петропавлдағы ескерткіште репрессия кезінде Солтүстік Қазақстаннан құрбан болған 7628 адамның есімі жазылған. «Память» қоғамдық қорының төрағасы Болат Сағындықовтың айтуынша, репрессия құрбандарының есімін анықтау жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

— Бізге «атам, әкем қуғынға ұшыраған» деп хабарласып жатқандар әлі бар. Олардың құжаттарын жинап жатырмыз. Құрбандардың аты жазылған ескерткішті жасап бітіріп жатқанда Көкшетаудан, Ақмола облысынан 953 адамның есімі келді. Ескерткішті 10 метрге қарай создық. Ескерткішті созуға орын қалдырдық, өйткені тағы да есімдер шығып жатыр. Бірақ ескерткішті созуға, бәріне қаржы керек,- дейді Сағындықов.

Репрессия құрбандарын еске алу шарасы қаладағы Мағжан Жұмабаев саябағында жалғасты.

Қазақстанда 1997 жылдан бері 31 мамырды сталиндік репрессия құрбандарын еске алу күні ретінде атап өтеді. Бұл күнді Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген.

Тарихшылардың дерегінше, репрессия жылдары Қазақстанда 100 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам атылған.

Azattyq