Реферат: ОРГАНИКАЛЫҚ ДҮНИЕНІҢ ДАМУ ТАРИХЫ

0

ОРГАНИКАЛЫҚ ДҮНИЕНІҢ ДАМУ ТАРИХЫ

Ғалымдар жердің жасы 4,5—7 млрд жыл деп есептейді. Жер тарихы мынадай 5 заманға бөлінеді: архей, протерозой, палеозой, мезозой және кайнозой. Өте ертедегі түзілғен жер қыртыстарынан табылған қазба қалдықтарға сүйене отырып, органикалық дүниенің даму тарихын анықтап білуге болады. Жер бетіндегі тіршіліктің даму әрекеті геохронологиялық кестеде көрсетілген.
Архей заманы — жер қыртысының тарихындағы көне заман, Архей заманының тау жыныстары қабаттарынан өте қарапайым құрылысты тірі ағзалардың — бактериялардың және көк-жасыл балдырлардың (прокариоттар) қалдықтары табылған. Олардың теңіздерде ғана тіршілік етіп қоймай, құрлыққа шыққандығы көрінеді. Өйткені құрлықтағы бейорганикалық заттар органикалық заттарға айналып, соның нәтижесінде топырақ түзілген. Атмосферадағы метанның, амиактың, судың мөлшері азайып, көміртегі (VI) оксиді мен оттегінің мөлшері артқан. Архей заманында жер бетіндегі тіршіліктің одан әрі қарқынды дамуына жол ашқан аса маңызды үш ароморфоз атап көрсетіледі.
Олар;
1. Ағзалардың жынысты көбеюге қабілеттілігі пайда болды, гендердің алмасуы, комбинативтік өзгергіштіктің жүруі, табиғи сұрыпталу әрекетінің мүмкіндігі күшейе түсті.
2. Фотосинтездің пайда болуы қоректену және зат алмасу әдістері бойынша барлық тірі ағзаларды екіге: автотрофтылар (жасыл өсімдіктер) және гетеротрофтыларға (жануарлар) бөлуге бастама берді.
3. Көп жасушалықтың түзілуіне байланысты ағзалардың құрылысы күрделенді, ортаның жана жағдайларын игере отырып, оған бейімделушіліктер қалыптасты.
Протерозой заманы. Ең ұзаққа созылған бұл заманда алғашқы тау түзілу әрекеті жүре бастады, Тіршілік аса күшті қарқынмен дамып, прокариоттардан эукариаттар, біржасушалылардан көп жасушалылар пайда болды (қосарбетті қара). Олар негізінен су түбіне бекініп тіршілік етті. Теңіз, мұхит түбінде тіршілік ету ағзалар денесінің күрделенуіне, яғни дененің әр түрлі қызмет атқаратын бөліктерге бөлінуіне ықпал жасады. Өсімдіктер әлемінде балдырлар қаулап есіп, өркендеп, ортаға көп мөлшерде оттегін бөліп шығару арқылы жануарлардың судағы тіршілігін біршама жеңілдетті. Жер бетінде температура әлі де болса жоғары болғандықтан, тіршілік тек суда ғана жүріп жатты. Протерозойдың соңына таман жануарлар типтерінің басым көпшілігінің өкілдері пайда болды. Олардың қатарында ішекқуыстылар, буылтық құрттар, былқылдақ денелілер, буынаяқтылар және желілілердің ең қарапайым өкілі, қандауырша да болды.
Тіршілік біртіндеп геологиялық жағдайға айналды. Тірі ағзалар жердің беткі қабатының құрылысы мен құрамын өзгертіп қана қоймай, оның үстіңгі биосфера қабатын түзе бастады. Протерозой заманындағы негізгі ароморфоздар мыналар еді: 1. Жануарларда екі жақтылық симметрия қалыптасып, соның нәтижесінде, қорғаныштық қызмет атқаратын дененің арқа жағы, қоректену және қозғалуға икемді бауыр жағы, сол сияқты алдыңғы және артқы бөліктері ажыратылды. 2. Ең жоғары сатылы жануарлар — желілілер типінің алғашқы өкілдері шықты. Оларда желі бұлшықеттерге тірек қызметін атқарды. 3. Түтік тәрізденген орталық жүйке жүйесінің қалыптасуы тіршілік әрекеттерінің қарқынды жүруіне әсер етті. 4. Желбезек түрінде тынысалу мүшелері қалыптасты.
Палеозой заманы. Бұл — ертедегі тіршілік заманы. Бұл заман 6 кезеңге бөлінеді: кембрий, ордовик, силур, девон, тас көмір және пермь (қосарбетті қара).
Кембрий. Қоңыржай климаты бар кембрий дәуірінде тіршілік негізінен суда болды. Құрлықта тек бактериялар мен көк-жасыл балдырлар тіршілік етті. Бұл дәуірдің орта шенінде тау түзілу әрекетінің қауырт жүруіне байланысты құрлықтың көп бөлігі су астынан босап шықты. Осы кезеңдегі айтарлықтай ароморфоз ол өсімдіктердің құрлыққа шығуы. Алғашқы құрлық өсімдіктері псилофиттер еді. Құрлықта тіршілікке бейімделу барысында ұлпалар мен мүшелер түзілді. Өсімдіктердің құрылысы күрделеніп, одан ары псилофиттер спора арқылы көбейетін жоғары сатылы өсімдіктермен алмасты. Ылғалы мол жылы климат жағдайында шаңжапырақ, қырықбуын кең қанат жайып, қарқынды дами бастады. Жануарлар әлемінде губкалар, былқылдақ денелілер, буылтық құрттар, буын-аяқтылар өте көп болды. Буынаяқтылардың ең ертедегі өкілі — трилобиттер кең тарала бастады.
Ордовик біршама кембрий кезеңіне ұсас болды. Мұнда алуан түрлі жасыл, қоңыр және қызыл балдырлар теңіз түбін қалың орман тәрізді алып жатты. Көптеген шоғырлы ішекқуыстылардың жойылуы себепті маржан рифтері түзілді. Басаяқты және бауыр-аяқты былқылдақ денелілер одан әрі дами түсті.
Силур кезеңінің соңын ала климат өзгеріп, тау түзілу әрекетінің қауырт жүруіне байланысты құрлықтың көлемі артты. Силур теңіздерінде тікентерілілер, сауытты балықтар пайда болды (140). Бұл дәуірдегі ең ірі ароморфоз буынаяқтылардың құрлыққа шығуы еді. Алғашқы құрлықтық жәндік — өрмекшілер болды.
Девон кезеңінде климат одан әрі құрғап, теңіздердің көлемі азайып, тіпті шөл және шөлейт жерлер пайда бола бастады. Теңіздерде сауытты балықтар азайып, кәдімгі шеміршекті және сүйекті балықтар шықты. Олардың ішінде қостынысты және саусаққанатты балықтар кішігірім суларды мекендеп, құрлыққа жақын жерлерде тіршілік етті. Девонның аяқ кезінде алып, ағаш тәрізденген шаңжапырақ пен қырықбуындардан тұратын ну ормандар құрлық бетін түгелдей алып жатты. Жануарлар әлеміндегі келесі ароморфоз қосмекенділердің құрлыққа шығуы болды.
Тас көмір кезеңінің жылы және ылғалды климаты құрлық өсімдіктерінің қаулап өсуіне қолайлы жағдай туғызды. Тас көмір ормандарының негізгі өсімдіктері — спорамен көбейетін алып шаңжапырақтар, қырықбуындар мен плаундар болды. Олардан кейін келе тұқыммен көбейетін шаңжапырақтар шықты. Ылғалы мол жылы батпақты ормандарда ертедегі қосмекенділер — стегоцефалдар тіршілік етті. Олармен қатар қанатты ірі буын-аяқтылар — тарақандар мен шегірткелер ұшып жүрді. Тас көмірдің соңына таман климаттың құрғап салқындауы стегоцефал-дардың жойылып, нағыз құрлықтық жануарлар — жорғалаушылардың шығуына себеп болды (қосарбетті қара).
Пермь кезеңінде құрлықтың көлемі едәуір артып, климат одан әрі салқындай түсті. Алып, ну ормандар экваторға қарай жылжып, шаңжапырақ тәрізділер жойыла бастады. Олардың орнын жалаңаштұқымды өсімдіктер алды. Стегоцефалдар біржола жойылып, енді ертедегі жорғалаушылардың түрлері келе бастады. Жорғалаушылардың жұмыртқаларының сыртына қатты қабық бітті, сөйтіп олар сусыз жерде кеуіп қалмайтындай күйге келді. Ұрықтың дамуы суда емес, құрлықта жүретін болды. Жорғалаушылардың терісінің сыртына мүйізді қабыршықтан тұратын қорғаныш қабат пайда болды. Тынысалу тек өкпе арқылы іске асырылды. Осындай бейімделушілік белгілеріне байланысты палеозой заманының ең соңында жорғалаушылардың алуан түрлі өкілдері шығып, әрқилы тіршілік орталарын иемдене бастады.
Мезозой заманы. Органикалық тіршіліктің бұл орта ғасырында бұрынғысынша тау түзілу әрекеті көптеген аймақтарды қамти жүрді. Осыған байланысты климат әлдеқайда құрғақ болып, құрлықтың көлемі арта бастады. Бұл заман 3 кезеңге бөлінеді: триас, юра, бор (қосарбетті қара).
Триас. Жануарлар тарихында мезозойды жорғалаушылар заманы деп атайды, өйткені азда болса сумен байланысы бар көптеген құрлықтық ағзалар тіршілігін жойып, олардың орнына нағыз құрлыққа бейімделген өсімдіктер мен жануарлар келді. Алып шаңжапырақ тәрізділер толық дерлік жойылып, енді жер бетінде жалаңаштұқымдылар үстемдік етті. Қосмекенділердің көпшілігі құрғақ климатқа бейімделе алмай, өз орындарын жорғалаушыларға берді. Жорғалаушылар бұрынғыдан да күшті қарқынмен дамып, барлық тіршілік орталарын жаулап алды. Триаста өмір сүрген жорғалаушылардан бүгінгі күнге дейін жеткендері тасбакалар, крокодилдер және гаттериялар. Құрлықта шөп қоректі және жыртқыш динозаврлар, теңізде ихтиозаврлар тіршілік етті (қосарбетті қара).
Бұл дәуірдегі аса маңызды ароморфоз — жабықтұқымды өсімдіктер мен алғашқы қарапайым сүтқоректілердің шығуы болды.
Юра кезеңінде жылы теңіздердің көлемі артып, онда бірқатар басаяқты былқылдақденелілер аммониттер мен белемниттер және теңіз жорғалаушылары ихтиозаврлар мен плезиозаврлар тіршілік етті. Жорғалаушылар біртіндеп ауа кеңістігін де игере бастады. Олардан ұшуға бейімделген бунақдене қоректі түрлері шықты. Осы уақытта тіршілік еткен археоптерикс құстардың шығуына жол ашты.
Бор кезеңінде жалаңаштұқымды өсімдіктер көптеп жойылып, жабық тұқымдылар кең өріс алып, тарала бастады. Тау жоталарының көптеп түзілуі теңізден келетін ылғалды, желді бөгеп, климат одан ары, салқындай берді. Теңіз суы кейін шегініп, өсімдіктер қурап, азая түсті. Сөйтіп мезозой заманының соңында ауаны, жер бетін, суды мекен еткен алып жорғалаушылар ортаның қолайсыздығынан жойылып, олардың орнына құрылым дәрежесі әлдеқайда жоғары омыртқалылар — құстар мен сүтқоректілер келіп шықты (қосарбетті қара).
Кайнозой заманы. Бұл жаңа тіршілік заманында осы қазіргі кездегі флора мен фаунаның қалыптасу әрекеті жүрді. Кайнозой екі кезеңге — үштік және төрттік кезеңге бөлінеді.
Үштік кезеңнің, алғашқы жартысындағы жылы климат тропиктік және субтропиктік флораның кең өріс алуына мүмкіндік берді. Іле-шала қайта жүрген тау түзілу әрекеті үштік кезеңнін соңында климатты салқындатып өзгертті. Мәңгі жасыл ормандар жойылып, қыста жапырағын түсіретін, ағаштармен алмасты. Бірте-бірте шөптекті өсімдіктер, әсіресе астық тұқымдас өсімдіктер таралған ашық далалы жерлер пайда болды. Міне, осы кезде бунақденеқоректі сүтқоректілерден приматтар отряды бөлініп шығып, одан әрі адам тәрізді маймылдар мен адамның қалыптасуына жағдайлар туа бастады. Ормандардың азаюына байланысты адам тәрізді маймылдардың кейбіреулері қалың орманның ішінде қалса, кейбір түрлері ағаштан жерге түсіп, ашық далаларды мекендеді. Үштік дәуірінің соңында бұлардан адам пайда болды.
Төрттік кезең — жер бетінде тіршілік дамуының ақырғы және қазіргі белесі. Бұл кезеңге тән сипат — бірнеше рет мұз басуды басынан өткізуі. Мұз басудың нәтижесінде бірқатар ірі сүтқоректілер жаппай жойыла бастады. Оларға, мысалы, үңгір аюы мен үңгір арыстаны, алып құндыз, жүнді керік, қылыш тісті жолбарыс, алып сауыттылар, мастодонт, зіл, солтүстік америкалық жабайы жылқылар және басқалары жатады. Осындай өліп біткен жануарлардың қазба қалдықтары Қазақстан территориясынан да көптеп табылды. Мысалы, Зайсан көлінің Қиынперіш және Шаңөлмес тауларындағы шөгінділер арасынан бронтотерий, хали-катерий, тапирлер, керіктер, шошқа тәрізді энтелодонт, т.б. жануарлардың тістері мен сүйектері табылды. Түйенің алып түрінің қазбасы Павлодар облысының Подпуск ауылы маңынан, ешкінің дзерен түрінің қазба қалдығы Алматы облысының Сарытоғай сайынан табылған. Оңтүстік пілінің төменгі жақсүйегі, азу тістері, дене сүйектері Арқалық қаласының маңынан, Шарын және Ертіс өзендерінің аңғарындағы биік жар шөгінділерінен алынған. Мұндай деректер өте көптеп кездеседі. Ірі топтағы сүтқоректілердің жойылып кетуін ғалымдар алғашқы адамдардың аңшылық іс-әрекеті мен климат жағдайларына байланысты деп жорамалдайды. Ұсақ жануарлардың көпшілігі суықтан інге немесе ұяға тығылу арқылы көптеп сақталып қалды. Сондай-ақ бұлардың көбею мерзімі де қысқа. Ендеше мұндай сүтқоректілер қатаң климатқа бейімделуге ыңғайлы болды. Бертін келе жануарлар мен өсімдіктер әлемі қазіргі кейіпке келді. Ал тірі табиғатқа экологиялық жағдай ретінде адам араласты…..

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!