Назарбаевқа «құрметті сенатор» мәртебесін беру мәселесі қаралады

0

27 мамырда Қазақстан сенатының төрағасы, елді 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен парламент сенаты бюросының отырысы өтіп, экс-президент Назарбаевқа «құрметті сенатор» мәртебесін беру мәселесі қаралды. Бюро мүшелері өзара қолдаған бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім 30 мамырда өтетін сенат отырысында қабылданады. Бұл туралы сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Назарбаевқа «құрметті сенатор» мәртебесін беруді биыл наурызда ант беріп, Қазақстан президенті қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған.

Баспасөз қызметінің жазуынша, бюро мүшелері Тоқаевтың бұл бастамасына бірауыздан қолдау білдірген.

Парламенттің жоғарғы палатасы таратқан хабарға қарағанда, мұндай шешімге бюро мүшелері — сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров, екі комитеттің төрағалары Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Георгий Ким, сондай-ақ сенат депутаты Бірғаным Әйтімова қолдау білдірген.

Баспасөз қызметі Құл-Мұхаммедтің «Біздің қазіргі Конституциямыз да, сол Конституция бойынша жұмыс істеп жатқан қос палатаның қызметі де елбасының (Назарбаевтың — ред.) үлкен бастамасының, авторлығының арқасында жүзеге асты. Ол — мемлекет қалыптастырушы, тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы тұлға ғана емес, қос палаталы парламентаризмнің де негізін салған қайраткер. Мұндай ұсынысты әбден орынды деп есептейміз» деген сөзін келтіреді.

Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурызда мерзімінен бұрын отставкаға кететінін мәлімдеген еді. 3 сәуірде ол тиісті конституциялық заңмен реттелетін «Тұңғыш президент – Елбасы міндетіне кіріскенін» хабарлады. Билік бұрын сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшті.

Оқи отырыңыз: «Тұңғыш президент — Елбасы». Мемлекет үшін маңызы қандай?

Жаңа әкімшіліктің бірінші жиынында Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің, Қазақстан халықтары ассамблеясының төрағасы екенін еске салды және «Нұр Отан» партиясын басқара беретінін айтты. Оған қоса, Назарбаев – Конституциялық кеңестің мүшесі.

Сыншылар Назарбаевты «басқаша ойлайтындарға қысым жасады, билігін асыра пайдаланды, демократиялық емес процедуралармен өкілетін ұзартты» деп сынаса, қазір оны «қалу үшін кетті» дейді. Билік сынға жауап ретінде елде адам құқығы сақталып тұрғанын, демократиялық институттар дамып жатқанын айтады және Қазақстанда билік транзиті Конституция мен заңға толық сай өтті деп санайды.

Azattyq