Еуропарламент сайлауында Францияда әсіреоңшылдар билік партиясынан озды

0

26 мамырда Еуропа парламентіне сайлау аяқталды. Биыл партияларға дауыс беруге Еуропа халқының 50 пайыздан астамы келіп, сайлауға қатысқандар саны соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті.

Францияда Марин ле Пен бастаған оңшылдар озып тұр. Онан соң аз ғана айырмамен Франция президенті Эммануэль Макронның «Алға, Республика!» партиясы келеді. Бұл сайлауда бұрын француз партиялары арасында танымал болған республикашылдар мен соцалистердің жақтастары біршама азайғаны аңғарылды.

Германияда «жасылдар» басым қолдауға ие болып, Еуропарламенттегі ықпалын күшейтті. Бақылаушылардың айтуынша, ел саясатында негізгі партия саналып келген Германияның христиан-демократия одағы, Христиан-социалистер одағы және социал-демократтар сияқты партияларды қолдаудан бас тартқан жас дауыс берушілер нәтиженің осындай болып шығуына әсер еткен. Бұл сайлау қорытындысы — Ангела Меркель мен оның партиясы үшін соңғы жылдардағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі. «Балама Германия» партиясының популистері де сайлау нәтижесіне көңілі толмағандарын айтты.

Еуропа басылымдары оңшыл популистер партияларының ықпалы күшейеді деген болжамның әзірге тура келмегенін айтады. Бірнеше елде, мәселен, Финляндияда популистердің қолдаушылары артқанымен, олар өздері күткен нәтижеге қол жеткізе алмаған.

Италияда Маттео Сальвини бастаған оңшыл консерваторлардың «Лига» партиясы озды. Бұл, басылымдар жазуынша, партияның Италияның өз ішіндегі ықпалының да артуына әсер етеді. Ұлыбританияда Брезит жақтастары көш бастап келеді. Нидерланд азаматтары еуропашыл партияларға дауыс беріп, әсіреоңшыл күштер сәтсіздікке ұшырады.

Польшада Ярослав Качиньский бастаған консерваторлар мен еуроскептиктердің «Құқық және әділдік» партиясы басым дауысқа ие болды. Дегенмен тап осындай қолдауға Гжегож Схетына бастаған либерал консерваторлар мен христиан демократтардың «Азаматтық платформа» оппозициялық партиясы да ие болды. Елде дауыс беруге келгендер саны 40 пайыздан асты.

Azattyq