Шенеуніктерден «күдер үзген» теміртаулықтар сайлауға бойкот жарияламақ

0

Теміртаудағы Республика мен Құрылысшылар даңғылдарының қиылысындағы қабырғасы жапсарлас екі көпқабатты үйдің тұрғындары «үндеуімізге жергілікті шенеуніктер тиісті түрде назар аудармай жатыр» деп, 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына бойкот жарияламақ. Тұрғындардың әкімдікке шағымдануына, өздерінің айтуынша, көпқабатты екі үй құлап кете ме деп қауіптенулері себеп.

— Үйіміз құлап кете деп қорқамыз. Жертөледен су шықты, енді іргетас сөгіліп, үйлер жантая бастауы мүмкін. Бірақ биліктен еш реакция жоқ, ешбір шара қабылдап жатқан жоқ! Бармаған жеріміз жоқ, бірақ ешкім жауап бермейді. Билік реакция танытпаса, бізді қорғамаса, үйіміз құлап кетсе, қандай сайлау өтуі мүмкін? Үйіміздің жағдайы мынадай боп жатқанда, сайлауды ойлауға уақыт бар ма? — дейді Теміртау қаласының тұрғыны Галина Столяр.

Галина Столяр (оң жақта) прокуратураға шағымдану үшін тұрғындардан қол жинап жүр. Теміртау, 26 мамыр 2019 жыл.

Галина Столяр (оң жақта) прокуратураға шағымдану үшін тұрғындардан қол жинап жүр. Теміртау, 26 мамыр 2019 жыл.

Үй комитетінің өкілі Маргарита Сорочан Азаттыққа жертөледен су шыққанын растап, бірнеше инстанцияға, тіпті сотқа ұжымдық хат жолданғандарын айтты. «Алайда мәселе әлі шешілмеді» дейді ол. Дүйсенбі күні, 27 мамырда, тұрғындар облыстық прокуратураға барып, жергілікті биліктің шара қабылдауын талап етпек. Азаттық сөйлескен бірнеше азамат «үй іргесінде тұрған көңіл көтеру орнының иесі өз нысанының аумағын кеңейту үшін жерді қазып жатқанын» айтты. Прокуратура жергілікті шенеуніктердің кәсіпкердің бұл ісіне неге «көз жұмып отырғанын анықтайды деп үміттенеді» тұрғындар.

Бұған дейін қалалық сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау басқармасының өкілдері тұрғындар шағымынан соң кәсіпкерге бұйрық тапсырған. Бұйрық көңіл-көтеру нысанына әуелгі сұлбасын қайтару мен жұмыс аяқталған соң ғимараттың пайдалануға жарамды-жарамсызын анықтайтын техникалық тексеруге жүргізуге міндеттейді. Бұған қарамастан, тұрғындар сөзінше, мәселе әлі шешілмеген.

Azattyq