Америка мен Иран арасында не болып жатыр?

0

Мамыр айы басталғалы бұрын да өзара қырбай Америка мен Иран арасы одан сайын ушығып, конфронтация ұлғая түсті. Америка Парсы шығанағына әскери кемелерін аттандырып үлгерді. Иран шығанақтағы Ормуз бұғазын жауып тастауы мүмкін екенін айтады. Соған қарамастан әзірге екі жақ соғыс ықтималдығын жоққа шығарып, бір-біріне ескерту жасаумен келеді.

АМЕРИКА ТАЯУ ШЫҒЫСҚА ҚОСЫМША ӘСКЕР АТТАНДЫРАДЫ

АҚШ-тың Парсы шығанағына қосымша әскер жіберуі жайлы сөз біртіндеп шындыққа айналып келеді. Мамырдың 25-інде Америка президенті Дональд Трамп Таяу Шығыс аймағына 1500 әскер жіберілетінін айтты.

Бұған дейін осы аймаққа Американың 120 мың әскерін жөнелту туралы сөз шыққан. Алайда президент Трамп бұл хабарды жоққа шығарған.

АҚШ президенті Дональд Трамп.

АҚШ президенті Дональд Трамп.

Ал мамырдың 23-інде Американың 10 мың әскерін шығанаққа жөнелту жайлы айтылғанда президент Трамп екіұшты пікір білдірген. «Иранға қарсы Таяу Шығысқа қосымша әскер аттандырудың қажеті жоқ. Ал қажет бола қалған жағдайда қанша керек болса, сонша әскер аттандыруға болады» деген АҚШ президенті. Трамп Иранның экономикалық жағдайы онсыз да нашарлап, инфляция өршіп тұрғанын еске салған. Соңғы бір жылда Америка санкциясы салдарынан Иранның экономикалық ахуалы қиындай бастаған. Американың Иран мұнайы экспортына эмбарго салуы жағдайды одан әрмен күрделендіре түскені байқалады.

Соңғы күндері Американың Таяу Шығысқа аттандыратын қосымша әскерінің саны әртүрлі айтылып келе жатқан. Бұған дейін Американың осы аймаққа қанша әскер орналастырғаны нақты хабарланған емес, тек ондаған мың деген жалпылама сан айтылады. Таяу Шығыстағы Америка әскері Сирия, Ирак, Бахрейн және Катар елдерінде орналасқан.

БӘРІ НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

Мамырдың 11-і күні Оман шығанағында Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Норвегияға тиесілі төрт мұнай таситын танкерге шабуыл жасалып, оны ұйымдастырушы ретінде Йемендегі хуситтер күдікке ілінген. Әдетте хуситтердің «Ансар Аллах» ұйымын Иран қолдап келеді. Америка осы оқиғаның алдында ғана Парсы шығанағына «Авраам Линкольн» авианосеці бастатқан әскери кемелерін, Б-52 бомбалаушы ұшақтарын және әуе шабуылына қарсы Patriot зымыран кешенін жіберген.

Араб теңізіндегі америкалық кемелер. Мамыр айы, 2019 жыл.

Араб теңізіндегі америкалық кемелер. Мамыр айы, 2019 жыл.

Оман шығанағындағы жағдайға Иранның қатысы қаншалықты екені нақты айтылмағанымен, мамырдың 25-інде Пентагон Иранның ислам революциясы сақшылары корпусын оқиғаға жауапты деп танитындығын жариялады. Вице-адмирал Майкл Гилди Вашингтонның бұған барынша сенімді екенін айтып отыр. Бірақ ол журналистер алдында сөзіне дәлел болатындай ештеңе көрсетпеген.

Осындай жағдайда Сауд Арабиясы Йемендегі хуситтер позициясын бомбалаған. Арасында Бағдаттағы қауіпсіз делінетін елшіліктер орналасқан «жасыл зона» маңында болған жарылыстар да жағдайды қоюлата түскен. Соның алдында ғана АҚШ Ирактағы елшілік қызметкерлерін эвакуациялаған.

Биыл сәуір айында Америка Иранның ислам революциясы сақшылар корпусын «халықаралық террорлық ұйым» деп таныды. Иран да оған жауап ретінде АҚШ қарулы күштері орталық қолбасшылығын осындай ұйым ретінде танып, заң қабылдаған.

Ал мамырдың басында Иран ядролық келісім міндеттемесінің кейбірін орындаудан бас тартқан. Артынша Тегеран осы келісімге қатысушы «Еуропа одағы елдері 60 күн ішінде Иранның мұнай мен банк саласын АҚШ санкциясынан қорғаудың амалын табуы керек» деген талап қойған. Бұл талап орындалмайтын болса, Иран байытылған уран мен ауыр суды сатуды доғарып, елде сақтайтынын және 60 күннен соң байытылған уранды қайта өндіретінін ескерткен. Тегеран бұл шешім туралы келісімге қатысушы өзге елдерді – Франция, Германия, Ресей, Қытай мен Ұлыбританияны құлағдар еткен. Тегеран келісімге қатысушы елдерді «АҚШ қысымына төтеп бере алмайды» деп танып, ядролық келісім мәселесінде «қауқарсыз» деп санайды.

Иран президенті Хасан Роухани (оң жақтан екінші).

Иран президенті Хасан Роухани (оң жақтан екінші).

АҚШ Иранның осы әрекетінен кейін іле-шала Тегеранға қарсы тағы да жаңа санкция салды.

Бұл оқиғалар Иранның ядролық бағдарламасы реттеу келісімінен Американың шығып кеткеніне тура бір жыл толған кезде өрістеп отыр. Америка Иран осы келісім талаптарын орындамады деп есептейді. Вашингтон былтыр Тегеранға қатысты жаңа саясатын жариялап, Иранның ядролық бағдарламасы келіссөзіне қатысты 12 шарт ұсынған. Бұл талап Сирия, Йемен, Ливан және Ирактағы қарулы топтарды Иранның қолдауын тоқтатуға, ядролық бағдарлама мен зымыран бағдарламасын тежеуге бағытталған. Америка ядролық бағдарлама туралы жаңа келіссөздің қажеттігін және Трамп та оған бейіл екенін айтқанымен, әзірге бұл бағытта қадам жасалған жоқ. АҚШ келісімнен шығып кеткен аралықта Халықаралық атом агенттігі Иранның агенттік аясында әрекет еткенін айтқан.

Иран 2015 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесі (Америка, Қытай, Ресей, Франция, Ұлыбритания) және Германиямен арада өзінің ядролық бағдарламасын реттеу туралы келісіміне қол қойған. Келісім ресми түрде Кең қамтылған біріккен іс-қимыл жоспары деп аталған. АҚШ былтыр мамыр айында осы келісімнен шығып кетті. Келісім бұдан бұрын салынған санкцияларды доғаруды көздейтін еді. Ал қазіргі жағдай мүлде керісінше сипат алып барады?

«КЕЛІССӨЗСІЗ, СОҒЫССЫЗ» БАҒЫТ

Америка мен Иран басшыларының мәлімдемесіне қарағанда, екі жақ та соғысты қаламайтын сияқты көрінеді. Алайда шығанақ маңайындағы Иран тұрғындары 1980 жылы Ирак Иранға қарсы соғыс ашарда да жағдайдың осындай болғанын айтады.

Бір апта бұрын президент Трамп Иранға соғыс ашпау туралы ескерту жасаған. Трамп өзінің Twitter парақшасына «Иран шабуылдайтын болса, түбіне жетеді. Бұдан былай АҚШ-қа қоқан-лоққы көрсетуші болмаңдар!» деп жазған.

Иран сыртқы істер министрі Мұхаммад Жавад Зариф те Twitter желісінде Трампқа жауап берген. «Трамп Ескендір, Шыңғыс және басқа да басқыншылар жасай алмағанды жасағысы келеді. Басқыншылар кетті, ирандықтар (мыңдаған жылға) қалды. Экономикалық терроризм мен геноцидтік ескертулер «Иранның түбіне жете алмайды» деп жазған ол.

Екі арадағы конфронтация күшейгеннен бері Вашингтон да, Тегеран да соғысқа «дайындалып жатпағанын», «соғысты қаламайтындарын», «бірінші болып соғыс ашпайтындарын» білдірген. Иран революциясының жоғарғы көсемі Әли Хаменеи «соғыс болмайды» десе, президент Хасан Роухани келіссөзді қалайтынын, алайда жағдайдың оған сәйкес еместігін айтқан. Иран Америка мүдделі келіссөзге де бармайтынын, соғысты да құп көрмейтінін білдіріп отыр. Алайда соңғы күндері Иран өкілдерінің өзге елдерге, Иранға бағытталған өзге ел өкілдерінің де жоспарлы-жоспарсыз сапары жиілеп кетті. Сондай сапарларда Америка мен Иран арасында үшінші бір елдердің араағайындық жасау жайы да талқыланып жатыр.

Ормуз бұғазы.

Ормуз бұғазы.

Ирандықтар әлемдегі мұнай тасымалындағы негізі артерияның бірі саналатын Парсы шығанағындағы Ормуз бұғазын жауып тастау туралы айтқанымен, оның да іске асу күмәнді жағдай. Бұғаз арқылы әлемдік мұнайдың 30 пайыздан астамы тасымалданады. Алайда бұғаздағы қатынаста Америка мен Иран бір-бірінің әскерін «террористік ұйым» деп атағанын ұмытып кететіндей әсер қалдырады, бұғазға кіріп-шығуда әзірге кідіріс жоқ. Бұл — ислам революциясынан кейін Иран Америкаға қарсы саясат ұстанған 40 жылдың ішінде өзгермеген жағдай.

(Мақаладағы пікір Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін)

Azattyq