«Халық банкіге» еншілес мекеме Өзбекстанда жұмыс істеуге рұқсат алды
Өзбекстанның орталық банкі Қазақстан және Орталық Азия бойынша актив көлемі мен несие портфелі жағынан ірі екінші деңгейлі банк саналатын «Халық банкіне» еншілес мекемеге лицензия берді. 24 мамырда «Халық банкі» еншілес Tenge bank-тің маусым айынан бастап клиенттерге қызмет көрсетуді жоспарлап отырғанын хабарлады.
Өзбекстанның қаржы нарығына кіріп отырған алғашқы қазақстандық қаржы институты — «Халық банкі» Tenge bank-тің жеке және корпоративті клиенттермен жұмыс істейтін әмбебап банк болатынын айтып отыр.
Жаңа банк кеңсесі мен бөлімшесі Ташкенттің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Яшнабад ауданында орналаспақ. Банк халықаралық Visa және Mastercard төлем жүйелерімен жұмыс істеп, Homebank интернет-платформасынан жеке тұлғаларға арнап мобильдік қосымша ашуды жоспарлап отыр.
«Халық банкі» Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен күйеубаласы Тимур Құлыбаев бірге иелік ететін «АЛМЭКС» холдингінің құрамында. Ерлі-зайыпты Құлыбаевтар америкалық Forbes журналы жариялайтын әлемнің ең бай адамдары тізіміне кірген. Журналдың мәліметінше, Құлыбаевтардың байлығы алты миллиард доллардан асады.
Қазақстанның ұлттық банкінің дерегінше, 2019 жылдың 1 мамыр күнгі жағдай бойынша «Халық банкі» активі 8,4 триллион теңгені (шамамен 22 миллиард доллар) құраған.
2016 жылы Ислам Каримов дүние салған соң билікке келген елдің екінші президенті Шавкат Мирзияевтың Орталық Азияда халық ең көп шоғырланған мемлекетті ашық қылуға талпынғаны байқалады. Батыс елдері Мирзияевтің бұл қадамын жылы қабылдап, Өзбекстан билігін елдегі «адам құқығы саласын реформалауға» шақырып келеді.