«Голос.Дети» шоуының бірнеше жеңімпазы арасында Ержан Максим де бар
Ресейлік «Первый канал» арнасы 24 мамырда кешке «Голос.Дети» шоуында финалға шыққан қатысушылардың барлығын жоба жеңімпазы ретінде атады. Олардың арасында қазақстандық Ержан Максим де бар.
«Жобаның жеңімпаздары — Ержан Максим, Нино Чеснер, Валерий Кузаков, Рената Таирова, Роберт Багратян, Анастасия Сисаури, Михаил Григорян, Мариам Абделькадер және Микелла Абрамова» деді арнаның бас директоры Константин Эрнст жобаның тікелей эфирі кезінде.
Жобаның қорытынды шығарылымына Мариам Абделькадер және Микелла Абрамова (ресейлік әнші Алсу мен бизнесмен Ян Абрамовтың қызы) келмеген.
Жеңімпазға берілетін мүсіншені бірінші болып Ержан Максимге тапсырған Эрнст оған «Первый канал арнасында ештеңе сатылмайтынын сен енді білетін боласың» деді.
Константин Эрнст «Голос.Дети» жобасының келесі кезеңде де жалғасатынын айтты.
26 сәуірде «Первый каналдың» тікелей эфирінде «Голос Дети» шоуының финалы өтіп, Микелла Абрамова 56,5 пайыз дауыспен жеңіске жеткен. Қазақстандық Ержан Максим 27,9 пайыз дауыспен – екінші, Валерий Кузаков 15,6 пайыз дауыспен үшінші орын алған.
Осыдан кейін ресейлік әншілер мен актерлер, желі қолданушылары конкурс нәтижесіне көңілдері толмай, дауыс беру нәтижесін қайта қарауды талап еткен. Ресейлік шоумен Максим Галкин Ержан Максимнің өнеріне тәнті болып, конкурс әділетсіз өтті деп сынаған.
Мамыр айында телеарна шоу қорытындысын жарамсыз деп таныды. Арна басшылығы тексеру нәтижесінің «бір қатысушыға автоматты түрде жаппай СМС хабарлама жіберілгенін анықтағанын» хабарлады.
Оқи отырыңыз: Ресейлік телеарна «Голос Дети» шоуының нәтижесін жарамсыз деп жариялады
«Первый канал» арнасындағы «Голос Дети» шоуы — халықаралық The Voice Kids жобасының ресейлік нұсқасы. Конкурсқа 14 жасқа дейінгі балалар қатысады. Қатысушыларды алдымен үш қазы іріктейді. Ал финалда жеңімпазды көрермендер дауыс беру арқылы таңдайды.