Алматыда 10 айда жол апатынан 114 адам көз жұмған – ІІД

0

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы уақытта жол ережесін бұзғандарды полиция қызметкерлері емес, бейне бақылау мен жылдамдықты өлшегіш құралдары анықтап, тіркеп отыратын болады. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Муратәлиев жол құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Жиын барысында ол, осы жылдың он айында Алматы қаласында 3,5 мыңдай жол қозғалысы оқиғасы тіркелген, нәтижесінде 4 мыңнан аса адам зардап шегіп, 114 адам қаза тапқанын жеткізді. ЖҚО 2011 жылғымен салыстырғанда жыл сайын азайып келеді екен, алайда адам өлімі жоғары қалпында қалуда.

«Елімізде жол-қозғалысы оқиғасын төмендету шаралары жасалмай жатыр деп айта алмаймын. Мәселен Алматыда инфрақұрылым өзгертілуде, айналма жолдар салынуда, жер асты өткелдері мен жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер салынуда. Көше бойындағы бағдаршамдар, жаяу жүргіншілер жолағының көріну деңгейі күнен-күнге артуда. Кейбір көшелер бір бағытты етіп жасалуда», -дейді ол.

Сонымен қатар ол, қазір жол қозғалысы ережесін бұзғандарды анықтаудың жаңа әдісіне көшіп жатқандарын айтып өтті, яғни жол полициясы бір орнында тұрмайды, көше бойында жүріп ережені қатаң бұзғандарды ғана анықтауда екен.

«Қалада 114 жерде бейне бақылау қойылған және «Жолақ», «Сергек» жүйелері енгізілуде. Алдағы уақытта жол ережесін бұзғандарды полиция қызметкерлері емес, бейне бақылау мен жылдамдықты өлшегіш құралдары анықтап, тіркеп отыратын болады. Оның арты жүргізушілердің ережені қатаң сақтауына әкеледі деген ойдамыз. Жалпы мұның барлығы қаладағы жол апатын төмендетуге бағытталып отырған жұмыстар», -дейді Ж. Муратәлиев.

Жақында ғана Астанада Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның жол апаты бойынша әлемде бірінші орында екендігі айтылды. Сонымен қатар, Алматы-Астана тас жолы өте қауіпті екені айтылды.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ