«Қисындылық қайда?» Депутат отандық өндірушілердің проблемасын көтерді

0

Депутат Берік Оспановтың айтуынша, мемлекеттік саясат дұрыс қалыптасқан кезде, Қазақстан құс етінің импортынан толық бас тарта алады

НҰР-СҰЛТАН, 24 мамыр – Sputnik. Мәжіліс депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Берік Оспанов мемлекет құс етін өндіретін отандық кәсіпорындарға жобалық қуатқа шығуға мүмкіндік бермей отырғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оспановтың айтуынша, қазір елімізде ет импортының құрылымында құс етінің үлесі ең жоғары. Оның негізгі себептерінің бірі – Еуразиялық экономикалық одақ аясында үшінші елдерден құс етін әкелуге квотаның болуы.

Тағы оқыңыз: Қазақстан неге ет пен сутті шетелдеп ипорттап отыр?

«Бір жағынан, біз отандық өндірушілерді қолдаймыз, инвестициялық жобаларды қаржыландырамыз, жемдейтін алаңдар, құс фабрикаларын саламыз, субсидия түрінде өзге де мемлекеттік қолдау шараларын көрсетеміз. Ал екінші жағынан алып қарасақ, бір мезгілде тарифтік квоталарды ұлғайтып, нарықтың толығуына жағдай жасап, отандық өндірушілердің жобалық қуатқа шығуына мүмкіндік бермей отырмыз. Сонда қисындылық қайда?», — деді депутат ет пен сүт өнімдерін өндіруге қатысты парламенттік тыңдауда.

Ол квотаны айқындау ұлттық экономика министрлігінің құзыретіне жататынын атап өтті. Айтуынша, депутаттар осы мәселеге бірнеше мәрте назар аударып, бұл функцияны уәкілетті органға беруді ұсынған көрінеді.

«Қазақстан мемлекеттік саясатты дұрыс қалыптастырған кезде, Ресей сияқты құс етінің импортынан толық бас тарта алады», -деді мәжілісмен.

Сондай-ақ, Оспанов ауыл шаруашылығы министрлігі мен ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің экспортқа қатысты ресми деректері арасындағы айырмашылық көп сұрақ туындататынын айтты.

«Мысал келтірер болсақ, уәкілетті органның мәлімдемесі бойынша, 2018 жылы Қазақстан 34,4 мың тонна ет экспорттаған, оның ішінде сиыр еті – 18,8 мың тонна. Ал статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, былтыр еліміз сыртқы нарыққа небәрі 16 мың тонна ет шығарған, яғни екі еседен де аз. Ал сиыр етінің экспорты 5 еседен де аз болды – 3,7 мың тонна», — деді депутат.

Тағы оқыңыз: Дариға Назарбаева министрге кәсіпкерлердің шағымын жеткізді

Бұған қоса, оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау кезінде министрліктердің өзара келіспей әрекет ететіні байқалады.

«Осыған байланысты, іс-шаралардың нақты жоспарын әзірлеу және ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын дамыту саласында ведомстволар мен өзге де ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажет», — деп түйіндеді Оспанов.



sputniknews.kz