Германия президенті Мирзияевті елді ары қарай реформалауға икемдеуі керек
Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер 27-29 мамырда Өзбекстанға сапарлап барады. Бұл туралы президент көмекшілеріне сілтеп, Human Rights Watch (HRW) халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы хабарлады. Штайнмайердің сапарына байланысты ұйым өзінің сайтында мәлімдеме жариялады.
Human Rights Watch «Біраз жетістігіне қарамастан Өзбекстан авторитарлық елдер қатарынан шықпады. Қауіпсіздік қызметінің өкілеті әлі де күшті. Адамдарды заңсыз ұстау, қинау, қамауда отырғандарды азаптау туралы хабарлар әлі де түсіп жатыр» деп жазды. Ұйым «Германия президенті Өзбекстандағы өзгерістерге оң баға беруі керегін, бірақ [Мирзияевке] мұның ұзақ жолдағы кішкентай қадамдар екенін айтуы тиіс» дейді.
Мәлімдеме авторларының сөзінше, соңғы реформалардан кейінгі тоқмейілсуден соң Ташкент жаңа кезеңге өтуі тиіс. «Өзбекстан билігі жергілікті және шетелдік үкіметтік емес ұйымдар жұмысына рұқсат беріп, журналистерге еркін хабар таратуға жағдай жасап, азаматтарға қалаған дінін ұстануға мұрсат беріп, соттарды әділ етіп, бұрынғы заңбұзушылықтар өтеуі ретінде саяси тұтқындар ісін қайта қарауы керек» деп жазады HRW.
Биыл мамырдың басында Өзбекстанда бұған дейін бұғатталып келген бірқатар жергілікті және шетелдік сайт қайта ашылған. Олардың арасында Amerika ovozi, BBC Uzbek, Deutsche Welle, Amnesty International, Human Rights Watch сияқты бірнеше БАҚ пен ұйым сайты бар.
HRW мәлімдемесінде Озодлик радиосының – Азаттықтың Өзбек қызметінің әлі ашылмағаны аталады. «Германия Өзбекстандағы реформаға қолдау көрсетіп отыр. Ташкент те Берлин көмегіне мүдделі. Президент Штайнмайер осыны пайдаланып, Германияның Өзбекстаннан не күтетін ашық түрде аңдатуы керек» деп жазады ұйым.
Биыл қаңтарда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Германияға сапарлап барып, «Берлин мен Ташкент қатынасы жақсаратынын» айтқан. Тараптар екі ел арасындағы сауда-саттық айналымы 700 миллион еуродан асатынын айтып, оны 1 миллиард еуроға жеткізуді жоспарлайды.
Өзбекстанды 27 жыл басқарған Ислам Каримов 2016 жылы қыркүйекте 78 жасында қайтыс болған. Кейін елде өткен сайлауда жеңіске жеткен Мирзияев 14 желтоқсанда президент қызметіне кірісті. HRW былтыр Мирзияев көршілес елдермен ынтымақтастықты күшейтіп, елдегі адам құқықтарының ахуалын жақсартуда үлкен қадам жасағанын айтқан.