Пентагон Таяу Шығысқа әскер жіберу мәселесін қарап жатыр
Пентагон Иран мен АҚШ арасындағы ахуал шиеленіскен тұста Таяу Шығысқа 5 мың сарбаз жіберу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы екі америкалық шенеунікке сілтеп, Reuters агенттігі хабарлады. Аттарын құпия сақтауды талап еткен шенеуніктер мұндай сұраныс АҚШ орталық қолбасшылығынан түскенін айтады. Олар «қорғаныс министрлігінің мұны мақұлдар-мақұлдамасы әлі белгісіз» дейді.
Бұдан бұрын АҚШ Иранға қарсы 120 мың әскери жібергелі жатқаны жайлы да хабар тараған. Бірақ Трамп мұны жоққа шығарып, «Сарбаз жіберу әзірге жоспарда жоқ, бірақ қажет болса, мұнан көп әскери жібереміз» деген. Артынша Вашингтон АҚШ-тың Ирактағы елшілігінде істейтін қызметкерлерінің басым бөлігін «Иран қатерінен соң қауіпсіздік мақсатында» эвакуациялады.
Вашингтон мен Тегеран арасындағы дау Иран өткен аптада 2015 жылғы ядролық келісім талаптарының кейбірін орындаудан бас тартып, ядролық қару дайындауға қажет байытылған уранды қайта өндіре бастайтынын айтқан соң туған. Ядролық келісім аясында АҚШ Иранға санкциясын азайтып, есесіне Тегеран ядролық бағдарламасынан бас тартуы керек еді. Бірақ Вашингтон «Иран талаптарды бұзды» деп былтыр бұл келісімнен шығып кетті. Артынша Трамп Тегеранға санкцияны қайта күшейткен.