Реферат: Тарих | КӨНЕ ТҮРКІ ТІЛІНДЕГІ ШЫЛАУ СӨЗ ТАБЫНЫҢ МАҒЫНАЛЫҚ ТҮРЛЕРІ
МАҒЫНАЛЫҚ ТҮРЛЕРІ
Сөйлем ішінде шылау сөздер объектілік — бағыттықты, мезгіл – мекендік, тиянақтылықты, әсерлікті әр түрлі грамматикалық мағына үстемелеп, қосымша реңк беретін және байланыстырушылық қызмет атқаратын лексемалар тобына жатады. Олар мағыналық қызметіне қарай демеуліктер, септеуліктер, жалғаулықтар болып үшке жіктелетіндігі белгілі. Бұлардың өзара атқаратын қызметтері әр қилы. Мәселен, жалғаулықтар сөзбен — сөз, сөз тіркестері және сөйлем мен сөйлемді байланыстырса, септеуліктер өздеріне тиісті септік формаларындағы атауыш сөздермен тіркесіп, сөйлем мүшелерінің арасындағы бағыныңқылық, мекендік, мезгілдік, ортақтық қатынасты білдіреді де септік жалғаулы сөздердің мағынасын толықтырып нақтылай түседі. Ал демеуліктер болса, орын тәртібі арқылы атауыш сөздерге тіркесіп, сол сөздерге болжау, күшейту, қомсыну, салыстыру, нақтылау сияқты мағыналарды үстеп, әр түрлі грамматикалық қосымша реңк береді.Жалпы тілі білімінде шылаулардың бір қатары сөз бен сөздің арасындағы грамматикалық байланыстарды айқындау үшін, толықтыру үшін қызмет етсе, біразы сөз тіркестері мен сөйлемдердің арасындағы байланысты айқындау үшін дәнекер болады. Ал кейбіреулері жеке сөздер мен сөз тіркестері немесе сөйлемдерді нақытылау үшін, толықтыру үшін, я қосымша реңк беру мақсаттарда қолданылады делінген [22,б.362]. Осы теориялық тұжырым негізінде көне түркі руникалық жазба ескерткіштер тіліндегі шылау сөздердің мағыналық түрлері қарастырылады.
Септеулік шылаулар
Септеулік шылаулар шығу тарихы жағынан әуелгі лексикалық мағынасы бар атауыш сөздерден транспозициялық тәсілі арқылы пайда болған туынды тұлғалар болып саналады. Олар тілдің даму эволюциясында біртіндеп барып, бастапқы лексикалық мағынасынан айырылып, қосымшалар жалғану арқылы сіңісу процесі негізінде біріктіріліп, абстрактылы грамматикалық мағынаны иеленген жаңа сөздер құрайды. Мәселен, В.Э.Шерер, М.И.Стеблин-Каменскийдің: «Мы же склонны придерживаться точки зрения тех лингвистов, которые пологают, что послелоги и грамматические значения» деген пікіріне қосылып, оны О.Суник және Дж.Мураталиева құптайтынын айтады [23,б.53-59]. Қ.Ертаев кейбір түркі тілдерінде септеуліктер жеке сөз табы болатындығын және В.Радловтың еңбегінде қырықтан астам септеуліктер барын сөз етеді[24,б.30-34].Ал апача тобына жататын навахо тілінде: «послелоги это показатели ролей неядерных актантов и сирконстантов , так сказать косвенные падежи.Таким образом, это не самостоятельные слова, а префиксы глагола, грамматические единицы » делінген[25,б.246].Сонымен жоғары да берілген ғалымдарың тұжырымдары бойынша пікір білдіретін болсақ, онда жалпы тіл білімінде септеулік шылаулар жайлы аффикс және дербес сөз мағынасындағы екі негіздің барын байқаймыз. Бұған қоса категория дәрежесіндегі септеуліктер бойына лексикалық және грамматикалық мағыналарды сіңдіретіндігі және өз алдына жеке сөз табы ретінде қаралатындығы бар. Мәселен, демеуліктер мен жалғаулықтар өздері тіркесетін немесе байланыстыратын сөздердің грамматикалық тұлғасын талдамайды. Атауыш сөздер қай сөз табына жатса да, қай тұлғада тұрса да жалғаулық пен демеуліктер оны елемей тіркесе береді. Септеуліктер олай емес, атауыш сөздердің арнаулы грамматикалық формада тұруын қалап, меңгеріп барып тіркеседі. Десек те, көне түркі тіліндегі септік жалғаулары бірінің орнына бірі қолданылған. Оларды қазіргі қазақ немесе басқа түркі тілдеріндегідей нақты жүйелік байқалмайды. Сол себептен септеуліктердің грамматикалық көрсеткішпен тіркесуін сөйлемнің мазмұны мағынасы арқылы анықтаймыз. Мысалы: Йағру қоңдуқта кісре аңығ білік анта өйүр ерміс – Жақын қонғаннан кейін жаман ілімді сонда үйренген еді. Осы сөйлемдегі «қоңдуқта кісре» тіркесі жатыс септігінде тұр. А.Кононов септеулік шылаулар сөйлемде есім мен етістік арасындағы синтаксистік қатынасты білдіреді. Яғни септіктердің мағынасын толықтырады деген[26,б.296].
Көне түркі руникалық жазба ескерткіштер тіліндегі септеулік шылауларға үчун, тегі, кісре, че, аша, бірле тұлғалары жатады.Сонымен қатар бірде үстеу, бірде септеулік шылау қызметін атқаратын тұлғалар да бар. Олар: тапа, артуқ, өтрү, қоды, ұдұ, өңре. Бұлардың ішіндегі ру/рү және че формалары түріктанушы ғалымдардың зерттеу еңбектерінде шылау есебінде қаралмайды.
Көне түркі тіліндегі септеулік шылау сөздерге жеке – жеке тоқталмастан бұрын, жоғарыда айтылған (ру/рү, че) лексикалық единицалар жайында ойымызды ортға салалық.Ең бірінші мәселе құранды жұрнақ болып танылып келген қару/керу , ғару/геру формаларының құрамындағы ру/рү тұлғасы жөнінде болмақ. Көне түркі тілінен белгілі қару/керу формалары қазіргі түркі тілінің деректерінде үстеулік мән – мағына беретін сөздердің құрамында өлі форма немесе көнеленген құранды септік жалғау есебінде танылған.Ізін жоғалтқан бұл формаларды көне түркі руникалық жазба ескерткіштер мәтіндерінен ғана кездестіре аламыз.Түркітанушы ғалымдардың зерттеу еңбектерінен қару/керу тұлғалары көне жазбалар тілінде бағыттық мағынаны білдіретін барыс септігінің қосымшасы деген негізде орын алған.Г.Рамстедт бұл құранды форманы – ға барыс септігі және – ру бағыттық формасын директив деп көрсетеді де, — ғару тұлғасынан маған, саған, оған, бұған сөздері қалыптасқан дейді[27,б.44].Ғалымның пікірін кейінгі жылдары В.Котвич қолдап, өз болжамын монғол сөз жасаушы — ғаду формасымен сабақтастырады[28,б.324].Зерттеуші В.Банг пен А.Габэн бұл қосымшалардың құрамындағы ру/рү формаларының пайда болу жолын зерттей келіп, көсемшеден шыққан деп қорытындылап, төмендегідей мысалдармен дәлелдей түседі. Кең рү сөзінің құрамындағы – рү барыс септік формасы емес, керісінше кеңүр етістігіне – ү көсемше формасы қосылып, кейіннен үстеуге айналған деп айтады[29,б.264].
Руникалық жазбалардағы ру/рү формаларына қатысты негіздерді жинақтай келіп, аталмыш форманы ғылыми тұрғыдан септеулік шылаулар түріне жатқызамыз.Бұған дәлел ретінде мынандай тұжырым негіздер бар:
а) Септік категориясының формалары түбір сөзге бірден екі рет жалғанбайды.Және – те көне түркі тілінде барыс септігінің жалғауы басқа жалғауларға қарағанда тұрақты болып келеді. Мысалы: Түпітке кічіг тегмедім – Тибетке кішкене жетпедім.
ә) Көне ескерткіштер жазбаларында кейбір шылау сөздер аралығында тыныс белгі қойылмаған. Мысалы: Йерғару йер Байырқу йеріне тегі сүледім – Солға қарай йер Байырқу жеріне дейін соғыстым.
б) Аударған кезде бергеру – бері қарай , тарқанғару – тарқанға қарай, ілгеру – алға қарай болып өздігінен қарай шылауымен тіркесіп келеді.
в) Алтай тілдеріне жататын аталас монғол мен түркі тілдерін салыстырған кезде монғол тіліндегі ру/рү формалары қарай шылау мағынасындағы сөз ретінде дербес қолданылған. Мысалы: гэр руу – үйге қарай, уул уруу – тауға қарай болып келеді [30,б.807]. Бағыттық мағынадағы таман сөзі де сөздікте руу/рүү деп берілген [31,б.295]. Қарай шылауының құрамындағы қа-ра-й (-ру,-рү,-ры,-рі) бағыттық мағынадағы көне рудиментті байқау қиын емес. Жалпы қорыта көне түркі руникалық жазба ескерткіштер тіліндегі құранды жұрнақ немесе барыс септік жалғауы болып осы уақытқа дейін танылып келген ру/рү тұлғасы — лексикалық единица.Нақты айтқанда, барыс септік жалғаулы сөзден кейін келетін бағыт – бағдар мағынасындағы септеулік шылау. Ру/рү және че тұлғалары көне түркі тілдеріндегі атауыш сөздермен тіркесіп келіп, мезгілдік, мекендік, божаулық, бағыттық мәнді грамматикалық мағыналары білдіріп, байланыстырушылық қатарына жатады. Септеуліктерге тән қасиет тіркесетін сөздерінің белгілі бір грамматикалық тұлғада тұруын талап етеді. Мұндай белгілі бір грамматикалық тұлғада тұратын негізгі сөздер – зат есім, есімдік, етістіктің есімше түрі және қимыл атаулары. Аталмыш шылаулар тобы сөйлемде есім мен етістік арасындағы синтаксистік байланысты білдіреді. Яғни септеулік шылаулар септік жүйемен тікелей байланысты. Олар септіктердің мағынасын толықтырады, нақтылайды. Сонымен бірге септік жалғаулары бере алмайтын синтаксистік қатынастағы грамматикалық мағыналары мен ерекшеленеді.
Демеулiк шылаулар
Қазақ тiл бiлiмiнде демеулiк шылауларға қатысты ғылыми еңбектер мен зерттеу жұмыстар бiршама бар. Дегенмен олардың мағыналық құрамына және орын тәртiбiне (позиция) қатысты даулы мәселелер жоқ емес.Мәселен,Қ.Жұбанов «Қазақ тiлi жөнiндегi зерттеулер» атты еңбегiнде шылауларды қосалқылар және жалғауыштар деп бөлiп, қосалқылардың өзiн iштей дәйек және аяқ қосалқы деп бөлген. Соның iшiнде дәйекке тым, өте, ең т.б. деген қазiргi күшейткiш үстеулердi шылау есебiнде қарастыру керектiгiн сөз еткен [32,б.162].Бүгiнде бұл көзқарас кейбiр тiлшi ғалымдардың еңбектерiнен жалғасын табады.С.Исаев «күшейтпелi асырмалы шырай тұлғасын жаасайтын күшейткiш үстеу деп аталып жүрген өте, тым, аса, тiптi т.б.тәрiздi көмекшi сөздердiң сапалық сынбармен тiркесүi де сөздiң аналитикалық формасына жатады. Өйткенi бұл жерде күшейткiш буындар да (уп-улкен, қып-қызыл т.б.), күшейткiш көмекшi сөздер де (өте үлкен, тым тамаша т.б.) бiрiншiден форма тудыратын қосымшалар сияқты өзi тiркескен сөзге қосымша грамматикалық (күшейткiш) мағына үстейдi, бiрақ лексикалық мағынасына нұқсан келтiрмейдi, не оны өзгертiп жiбермейдi» деп тұжырымдайды [33,б.52]. Сол сияқты А.Қалыбаева, Н.Оралбаева бiрлесiп жазған еңбекте де аталмыш тұлғалар күшейткiш үстеу есебiнде қаралмай, дербес сөздiң формасын талғамайтын көмекшiлер қатарына жатқызады [34,б.162].Қазiргi қазақ тiлiндегi демеулiктердi зерттеген Ы.Шақаманова,Қ.Жұбанов, Н.Оралбаева, С.Маралбаева, С.Исаев, М.Серғалиев пiкiрлерiне қосыла отырып, өз ойын былай түйiндейдi: « Қазiргi күшейткiш үстеу деп танылып жүрген сөздердi шылауларға кiргiзiп, оның iшiнде тағы да саралап, грамматикалық мағынасына, тiркесетiн сөзiне орай күшейткiш демеулiк немесе сындық демеулiк деп қарастырған жөн сияқты” [35,б.128]. Шындығында, қазақ тiл бiлiмiнде бұл негiздiң барына бiраз уақыт өтсе де, аталмыш тiлдiк единицалардың сау басы саудаға түсiп әлi жүр.
Негiзiнен, ең, тым, өте осы сияқты лексемалар кейбiр туыстас түркi тiлдерiнде шылау сөздер қатарына жатқызылады. Мысалы: қырғыз, ұйғыр, ғағауыз, хакас, түрiк, шор тiлдерiндегi. Көмекшi сөздер атауыш сөздерден кейiн келедi деген тұжырым жалпы тiлдiк сиптттамалық дәрежеде айтылған заңдылық. Десек те, тiлдiң кейбiр iшкi флексиялық заңдылықтарына байланысты өзгешелiктерi болады. Мәселен қазақ тiл бiлiмiнде сөз алдында тек демеулiгi ғана келедi деймiз. Егер де күшейткiш үстеулер деп танылып жүрген единицаларды күшейткiш демеулiктер деп есептейтiн болсақ, онда жалғыз тек сөзi ғана емес өте, аса, тым, ең, тiптi т.б.осы сияқты сөздердi де сөз алдында келетiн демеулiк сөздер қатарына жатқызуға болар едi. Мұны айту себебiмiз, көне түркi тiлiнде өте, ең тұлғалары кездесiп, қазiргi дәрежесiнде қызмет атқарған. Мысалы:
Көне түркi тiлi: Ең iлгi Тоғу балықта сүңiшдiм – Ең бiрiншi Тұғы балықта соғыстым. Екiншi сүңiс ең iлгi ай алты йаңқа…- Екiншi соғыс ең бiрiншi айдың алтысында…Көзде йаш келсер өтi де көңүлге сығыт келсер… Көзге жас келсе өте көңiлге шер келер.
Қазақ тiлi:Ескiнiң ең жақсысын ала бiлмей,жаманнан арыла бiлмей жүргендерге ренжiдiм.Ал мұндай күресте жазушылардың, өнер қайраткерлерiнiң алатын орны өте зор.
Екiншi бiр тiлдiк нормаға сәйкессiздiгi – демеулiктердiң қосымшаға айналу мәселесi.Бұл — өзгешелiкте айтылып жүрген мәселелердiң бiрi. Мысалы: Келесiң бе? – келемiсiң, барасың ба? – барамысың. Сонымен қатар кейбiр демеулiктердiң жiктiк жалғауын қабылдап, басқа сөз таптарының қызметiнде көрiну де жоқ емес. Мысалы:
I. Мен ғанамын Бiз ғанамыз
II. Сен ғанасың Сендер ғанасыңдар
Сiз ғанасыз Сiздер ғанасыздар
III. Ол ғана Олар ғана
Сол сияқты әдемi – ақсың, жаман – ақсың ақылшысыдамын, әкесi демiн деген сөздердегi күшейткiш мәндi демеулiктер сөз құрамында келiп, өзiнен кейiн көптiк, жiктiк жалғауларын да қабылдайды.
Көне түркi жазба ескерткiштер тiлiнде кездесетiн күшейткiш мағынасындағы қына (ғана/қана), оқ/өк (ақ), та/де (та/те, да/де) және сұраулық мағынадағы түгүл (түгiл) демеулiктер де бұндай өзгерiстер байқалмайды.
Жалпы тiл ғылымында шылаулар сөз табы бола алмайды деген көзқарасқа, әсiресе, осы демеулiктердiң қосымша формаларына ұқсас болуы себеп болған. Сондықтан да жоғары да айтылған қосымша мәселесiне байланысты кейбiр ғалымдар бiр кездерi демеулiктердi аффикс деп таныған болатын. Түркiтанушы ғалымдардың тiлде бұрыннан қалыптасып, демеулiк қызметiне ежелден енiп кеткен тұлғаларды табиғи деп көрсетуi және сол демеулiктердiң аффикстiк элемент деп қарауы жағынан пiкiрлерi сәйкеседi. Бұл жайлы қырғыз ғалымы А.Карымшаков турголктардың демеулiктердi аффикстiк элемент деп көрсетуiн қостап, «түркi тiлдерiндегi сөздердiң көмекшi сөзге, одан қосымшаға айналуы заңды құбылыс» деген ойын бiлдiредi [9,б.192].Демеулiктердiң бiразы тұлғалық жағынан қосымшаға ұқсас келгенмен және олардың лексикалық мағыналары солғын, грамматикалық мағыналары абстрактылы болса да, аффикстерге қарағанда дербестiгiнен мүлде айырылып қалмайды. Сөзден бөлек тiркесiп дербестiгiнен қолданылуын сақтап қалғаны бұрынғы дербестiгiнiң қалдығы деп түсiнуiмiз керек. Ал түркологияда жұрнақтардың өзi дербес сөздерден пайда болған деген пiкiр көптен берi айтылып келе жатқаны белгiлi.Көне түркi руникалық жазба ескерткiштер тiлiнде болымсыздық мағынада қолданылатын түгүл формасы мен шектеу, нақтылау мағынасындағы қына демеулiктерден басқалары тұлғалары жағынан аффикстерге ұқсас келедi.Мысалы оған: та/де, оқ/өк, ба/му, гу/гү/күк, ча/че, ру/рү сияқты бiр буынды формалар жатады. Олар тұлғалық жағынан қосымшаларға ұқсас келгенмен, тiлде атқаратын қызметтер екi басқа. С.И.Соболевский көне грек тiлiндегi демеулiктердiң де қосымшаға ұқсас болғанмен, олардың атқаратын тiлдiк қызметтерi мен дәрежелерiнiң әр түрлi екендiгiн сөз етедi. Көне грек тiлiнде көне түркi тiлiндегi демеулiктермен сәйкес қата, те, бе, ге формалары бар [36,б.273]. Демеулiктердiң ескерткiш тiлiнде септеулiк шылау ру/рү немесе че сияқты сөз құрамында келуi жоқ. Атауыш сөздерге тiркесiп келiп, сол сөздерге әр түрлi грамматикалық мағыналар үстейдi. Демеулiктер де тiлдiң даму эволюциясында бiртiндеп барып бастапқы лексикалық мағыналарынан айырылып, абстрактылы грамматикалық мағынаны иеленген жаңа мағынадағы шылау сөздер тобын қалыптастыра бастаған.
Орхон – Енисей жазбаларындағы шылау сөз табының лексикалық құрамына қатысты сөз еткенде, кейбiр шылау сөздер деп танылып келген единицалардың басқа сөз таптарына жататындығы демеулiктерде де кездеседi. Бүгiнгi күнге дейiн зерттеу еңбектерде демеулiк шылаулар деп танылып келген йалаңус, йана, анығ, нең, ерiнч, ерсер сияқты әр түрлi категориялық мағынадағы сөздердi жалпы шылау сөздер қатарына қосып қарастырамыз. Бұлардан да басқа септеулiктер және жалғаулықтар деп танылып келген тұлғалардың барлығына дерлiк түсiнiктер берiлдi. Сонымен бiрге түркологияда қалыптасқан демеулiк атауына қактысты пiкiрлер де айтылған болатын.Қазақ тiл бiлiмiнде бұл атау алғаш А.Байтұрсынов еңбегiнен бастап, «демеу» деген терминмен аталады. Қ.Жұбанов зерттеуiнде «үстеуiштер» деп берiлсе, С.Аманжолов еңбегiнен бастап «демеулiктер» деген атау толық өз атын иемденген. Содан берi Р.Әмiров, К.Амиралиев, Ф.Кенжебаева, Ғ.Иманалиева, В.Исенғалиева, Ы.Шақаманова сынды тiлшi ғалымдар оларды арнайы зерттеген. Олар жалпы шылаулар тарихын сипаттай отырып, бiрi жалғаулықтардың, бiрi септеулiктердiң, ендi бiрi демеулiктердiң әр қырларынан ғылыми зерттеулерiн танытып, өзiндiк құнды пiкiр – тұжырымдарын жасаған. Аталмыш ғалымдардың зерттеу еңбектерiне сүйене отырып, көне түркi руникалық жазбалардағы шылауларды салыстырып қарағанымызда, бүгiнгi түркi тiлдерiндегi шылаулар сөз табының қалыптасуындағы алғашқы сатысы болып отыр. Яғни қазiргi қазақ тiлiндегi демеулiктердiң қалыптасу тарихы да көне түркi руникалық жазба ескерткiштер тiлiнен бастау алады деген сөз. Орхон – Енисей жазбалар тiлiндегi демеулiктерге та/де, оқ/өк, ба/му, ғу/гү/күк, қына, түгүл тұлғалары жатады. Сонымен қатар та/де демеулiгiнiң орнына жүретiн жартылай жалғаулық шылау мағынасындағы «йеме» формасын да жатқызуға болады. Аталмыш тұлғаларды қазiргi қазақ тiлiндегi қолданылып жүрген формаларымен салыстырып көрсететiн болсақ мынандай: та/де – та/те, да/де; оқ/өк – ақ; ба/му – ма/ме, па/пе, ба/бе; ғү/гү/күк – қой/ғой; қына – қана/ғана; түгүл – түгiл болып келедi. Көне түркi тiлiндегi демеулiктер қазiргi қазақ тiлiндегiдей өздерi тiркескен сөздерге қосымша грамматикалық мағына үстейтiн шылау сөздердiң мағыналық түрлерiнiң бiрi болып саналады. Демеулiктер септеулiктер сияқты өзi тiркесетiн сөздердiң белгiлi бiр грамматикалық формада тұруын талап етпейдi.Атауыш сөздерге тiркесiп, сол сөздерге болжау, күшейту, қомсыну, салыстыру, нақтылау мағыналарын үстейдi. Қазiргi қазақ тiлiнде демеулiктердiң септеулiктер мен жалғаулықтарға қарағанда дамуы да, қолданылу аясы да бiршама активтенген. Көне түркi тiлiндегi демеулiктердiң сөйлем iшiндегi грамматикалық қатынастағы дәрежелерiн көрсету үшiн қазiргi қазақ тiлiндегi жекелеген авторлардың еңбегiнен мысалдар алып, салыстырып қарастырамыз. Жазба ескерткiштер тiлiнде шылаулардың өзара (аз – көп) қолданылуына байланысты Күлтегiн, Тонйұқақ, Бiлге қаған, Құтлық қаған (Онгин), Ырғақ бiтiг, Күлi – Чор, Мойын – Чор, Тариат жазбалары бойынша статистикалық мәлiметтеме жасалынды. Сонымен қатар қазiргi түркi тiлдерiндегi шылау сөздермен салыстырылынып, өзгерген дыбыстық варианттары да көрсетiлдi.
Та/Де: Руникалық жазбадағы та/де демеулiгi – қазiргi қазақ тiлiндегi та/те, да/де формаларындағы күшейткiш демеулiктер. Көне түркi тiлiнде тек демеулiк мағынасында ғана болады. А.Ысқақов қазақ тiл бiлiмiнде та/те, да/де шылаулары сөздер не сөйлемдердi байланыстыру қабiлетiне байланысты бiрде жалғаулық, бiрде демеулiк мағынасында болатындығын айтады. Жалғаулық шылау қатарына қосқан та/де формасын ғалымдар пiкiрiне сүйене отырып, демеулiктер құрамына жатқызамыз. Себебi мынандай: демеулiк ретiнде қолданылғанда, бiр сөздiң немесе бiрыңғай мүшелердiң әрқайсысының жетегiнде болып, оларға күшейту, анықтау, тәтпiштеу мағыналарын үстемелеп отырады [22,б.336].
Жалғаулық шылаулар.
Тiл бiлiмi негiзi алғашқы қазығы есебiнде тiлдiк элементтер мен единицаларды зерттеуден бастайды. Себебi ең бiрiншi тiлдiң құрылымдық бөлшектерiн және олардың ерекшелiктерi мен қағидаларын нақтылы зерттеп бiлмейiнше, ғылымды танып бiлу мүмкiншiлiгi жоқ. Бұл – тiл- тiлдiң қайсысына болмасын қатысты ортақ заңдылық. Бiздiң қарастыратын мәселемiз осы тiлдiк бiрлiк, яғни 5-8 ғасыр аралығындағы руникалық жазбаларда жалғаулық шылау сөздерiнiң бар – жоғына қатысты болып отыр. Көне түркi тiлдерiнде жалғаулықтардың бар – жоғын анықтау үшiн оның ең бiрiншi ғылыми – теориялық негiзiн бiлуiмiз шарт. Келесi бiр шарты – оны дәлелдейтiн деректер, тiлдiк материалдар болу керек. Осы екi негiзде Орхон – Енисей және Талас жазбаларындағы шылау сөздердiң мағыналық түрлерiнiң бiрi жалғаулықтар туралы сөз болмақ. Жалғаулықтар – сөз бен сөздi, сөйлем мен сөйлемдi байланыстыратын, бiр сөздiң аясында қалмай екi сөзге, екi сөйлемге бiрдей мағына қосатын шылау сөздер. Тiл ғылымында олар аналитикалық форманттар есебiнде қарастырылады. Жалпы олардың да қалыптасуы өзге грамматикаланған сөздердей грамматикалық жағынан дерексiзденуi, лексикалық дербес ұғымнан жалпы категориялық дәрежеге жетуi өте баяу және бiрте – бiрте даму жолымен болатындығы анық.Тiл бiлiмiнде бұндай номинациялық процестердiң болуын түбегейлi шешiп беру оңайға соқпайды. Ғылым үшiн тiлдiң табиғаты — өте күрделi құбылыс. Тiлдiң табиғи құбылысы тұрақты болғанмен, грамматикалық құрылысы тұрақсыз үнемi даму үстiнде болады. Сондықтан да тiл ғылымында әр түрлi көзқарастардың туындауының өзi – заңды нәрсе.
Орхон – Енисей ескерткiштер тiлiндегi шылауларға қатысты айтылған ғалымдар пiкiрлерiне назар аударалық.Мәселен, Ә.Құрышжанов, М.Томанов бiрлесiп жазған «Орхон – Енисей жазуы ескерткiштерiнiң зерттелу тарихы мен грамматикалық очерктерi» атты еңбекте көне түркi тiлiндегi шылауларды қазiргi түркi тiлдерiндегi шылаулармен салыстырады. Олар көне түркi тiлiнде шылаулар категориялық дәрежеде қалыптаспағандағын айта келе, көмекшi есiмдердi қосып қараған. Одан кейiн жазбалар тiлiнде бүгiнгi түркi тiлдерiндегiдей жалғаулықты шылау жүйесi жоқ, сондықтан оларды салаластырушы, құрмаластырушы деп бөлуге негiздiң жоқ екендiгiн айтады. Бiз ғалымдардың жалғаулықты шылау жүйесi жоқ дегенге келiскенмен, категориялық негiзде көрiне алмайды дегенiне қосыла алмаймыз. Әрине, қазiргi қазақ тiлiндегi жалғаулықтар тобы көне түркi тiлiмен салыстырғанда сан жағынан да мол және беретiн мағынасы да сан қырлы. Оның үстiне олардың қолданыс ыңғайы да көне тiлмен салыстыруға келе бермейдi. Сонымен қатар көне түркi тiлiндегi кейбiр шылау сөздер қазiргi қазақ тiлiнде сақталмаған және олардың орнына басқа сөздер қолданылады. Мәселен, А.Кононовтың осыған қатысты ойы мынандай: «Позднее, начиная с караханидского периода, под воздействием арабского и персидского языков и литературы на этих языках собственно тюркские союзы, модальные слова и частицы были почти полностью вытеснены арабскими и персидскими займствованиями» [26,б.200].