Қазақстандық полицейлердің жалақысы көтеріледі – оларға бөлінетін қаражат 3 есеге өседі
Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай өседі. Кейбір қызметкерлер 300 мың теңге жалақы алатын болады, деп мәлімдеді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди. Ішкі істер министрінің орынбасары бұл жайлы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтен кейін мәлім етті, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеп.
Ішкі істер министрінің орынбасары, 2021 жылға дейінгі кезеңде департамент еліміздің құқық қорғау жүйесін кең ауқымды реформалауды қарастырғанын айтып өтті. Ал жалақының өсуі сол реформаның бірі болып табылады. Сонымен бірге, ол жалақы көтерілмей қызметтің беделін көтеру туралы айту мүмкін емес дейді.
Ішкі істер министрлігі қызметкерлердің штаттық кестесін қысқарту арқылы 16 миллиард теңге үнемдейді, тағы 20 миллиарды мемлекет бөледі. Енді осы қаражаттардың есебінен бірінші шілдеден бастап полицейлердің негізгі жалақысы көтеріледі.
«Біз патрульдік полиция қызметкерлерінің жалақысын 65%-ға, жедел-тергеу бөлімше қызметкерлерінікін 50%-ға және уческелік полиция қызметкерлерінің, кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі инспекторлардың, біздің оқу орындарымыздың профессорлық-оқытушылар құрамының, сондай-ақ қалған қызметкерлердің айлығын 20%-ға көтереміз», — деп хабарлады министр орынбасары орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтен кейін.
Бұдан бөлек, ведомство тұрғын үйге өтемақы алатын қызметкерлердің тізімін кеңейтеді. Егер, қазіргі уақытта бұл өтемақыны тек оперативті-тергеу бөлімдерінің қызметкерлері ғана алып жүрсе, шілдеден бастап тізімге тағы 9 мыңнан астам адам кіреді. Олар патрульдік полиция мен кәмелеттік жасқа толмағандардың ісімен айналысатын учаскелік инспекторларының арасынан алынады.
Нәтижесінде, патрульдік полицейлердің жалақысы 107 мың теңгеден 150 мыңға көтеріледі. Оған қосымша аймаққа және отбасылық құрамға байланысты баспана үшін 70 мыңнан 250 мың теңгеге дейін беріледі. Соның нәтижесінде патрульдік полицияның бір қызметкерінің бюджеті 250-320 мың теңгені құрайтын болады.
stan.kz