«Ашығын айтайын…» Данияр Елеусінов Головкинмен арадағы дауға нүкте қойды

0

Спорт

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

Олимпиада чемпионы жерлесі Геннадий Головкинді қаралайын деген ой болмағанын мәлімдеді  

НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр – Sputnik. Рио Олимпиадасының чемпионы, кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкинге қатысты дау неден туындағанын түсіндірді.

Головкин өзінің 8 мамыр күні өтетін бокс кешінде Данияр Елеусіновтің жұдырықтасуына қарсы болғанын бұған дейін жазған едік. Бұрынғы әлем чемпионы бұл шешімін: «Данияр өзі айтқандай, «біздің жолымыз» бөлек. Бұл оның өз сөзі» деп түсіндірді. Данияр Елеусіновтің де өз айтары бар.

«Жерлесімнің менің өнер көрсетуіме қарсы болғаны айдан анық. Геннадий Головкин журналистерге берген сұқбатында «Данияр екеуміздің жолымыз бөлек» депті. Головкиннің әрекеті оның деңгейіне сәйкес келмейді деп есептеймін. Бірақ бұл мәселеде бір нәрсені ескерген жөн. Менде оны қаралайын деген ой болған жоқ. Егер ренжісе, менімен бетпе-бет жүздесіп, өзімнен сұрауға да болар еді. Ашығын айтайын, мен Геннадийге ренжіген жоқпын. Оған тек сәттілік тілеймін», — дейді спортшы ағынан жарылып.

Сонымен қатар Елеусінов Головкиннің кешінде өзінің орнына шығатын өзбек Исраил Мадримовқа да кінә артпайтынын, спортта мұндай жағдайлар болып тұратынын жеткізді. Данияр әуесқой бокста бұл спортшыны екі рет жеңген екен.

«Оның еш кінәсі жоқ. Ол – жақсы боксшы», — деп қысқа қайырды ол.

Жанқош Тұраров Головкин мен Елеусінов арасындағы дауға пікір білдірді

Алдағы жекпе-жекке дайындық қалай?

Әңгіме барысында Данияр 25 мамырда АҚШ-та өтетін жекпе-жегіне қалай дайындалып жатқанын айтып берді.

«27 жастағы мексикалық қарсыласым тәжірибелі. Жеңісімен қатар жеңілісі де бар. Намысты қолдан бермеуге тырысамын.

Бокс – ауыр спорт, неше түрлі жағдай  болуы мүмкін. Осы аптада шаршы алаңға шығамын. Дайындығым жақсы. АҚШ-тың Флорида штатында бас бапкерім әкем мен Эрик Сантос дайындап жатыр», — деді спортшы.

«Соққысы әлсіз дейтіндермен келіспеймін»

Олимпиада чемпионы «Данияр, панчер емес, соққысы әлсіз, көбіне теxникаға сүйенеді» деген сынға да жауап бере кетті.

«Барлық адамның пікір білдіруге құқы бар. Бірақ өз басым мұнымен келіспеймін. Әрбір боксшының өзіне тән жұдырықтасу мәнері болады. Осыны есепке алған жөн. Рингте уақытты ұтымды, сәтті пайдалану керек. Сондықтан соққымды әлсіз деп есептемеймін. Бокстағы жекпе-жектің тағдырын уақыт шешеді. Кәсіпқой бокста ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып, соққы жасай білу керек. Тек асықпаған абзал», — дейді боксшы.

Данияр өз салмағындағы Кит Турман, Шон Портер, Эррол Спенс, Теренс Кроуфорд сынды мықты боксшылармен жұдырықтасқысы келетінін айтты.

«Болашағымды алдын ала болжағанды ұнатпаймын. Алланың бұйырғаны болады. Біз тек амалын жасаймыз. Сондықтан жетістікке жету үшін көп еңбектену керек», — дейді Елеусінов.

Тағы оқыңыз: Фируза Шарипова: Головкинге қатты қапа болдым  

«Олимпиада чемпиондарын кінәлауға болмайды»

Даниярдан әңгіме барысында елімізде Олимпиада чемпиондары неліктен кәсіпқой боксқа ауыса бермейтінін сұрадық.

«Олимпиадаға қатысқан боксшылар кәсіби боксқа ауысудан қашқақтайды деп ойламаймын. Қазақ боксшыларының басты мақсаты – Олимпиадаға қатысу әрі оны жеңу. Олардың қатарында мен де болдым. Мен де Олимпиада чемпионы болуды армандадым. Ол басты мақсатым болды. Бұрын қазақ спортшыларында «кәсіби боксқа ауысу» деген түсінік болған жоқ. Жігіттер бокста қаншама жыл тер төгеді. Уақытының көп бөлігін оқу-жаттығу жиынында өткізеді. Отбасын да көрмейтін уақыттар болады. Бірнеше Олимпиадаға қатысқан боксшылар бар. Кейбірінің кәсіби боксқа ауысуына уақыты жетпей жатады. Бірінші болып кәсіби боксқа Василий Жиров ауысты. Оның жолын Геннадий Головкин жалғастырды. Ол кәсіби бокста үлкен жетістіктерге жеткен соң, қазақстандық боксшыларда құлшыныс пайда болды. Сондықтан Олимпиада чемпиондарын «кәсіби боксқа неге ауыспайды?» деп кінәлауға болмайды», — деп түсіндірді ол.

Тағы оқыңыз: Василий Жиров Головкинмен не үшін араласпайтынын айтты  

Боксшы ұлы Даниэлге уақыт бөліп тұратынын, жекпе-жегінен тыс уақытта Қазақстанда болатынын атап өтті.  

«Даниэлге мен де қараймын. Құдайға шүкір, балам өсіп жатыр.

Нұр-Сұлтанда анасымен бірге тұрады. Биыл ұлым 4 жасқа толады. Даниэль боксшы болатын, болмайтынын өзі шешеді. 2018 жылдың жазында кәсіби бокста екінші жекпе-жегімді өткізгеннен кейін Саида есімді қызға үйлендім. 2019 жылы 1 мамырда екінші ұлым дүниеге келді. Баламның атын Мұхаммед пайғамбардың құрметіне Мұхаммед деп қойдым», — деп түйіндеді сөзін боксшы.



sputniknews.kz