1 шілдеден бастап полицейлердің жалақысы өседі
Қысқа сілтеме алу
Биыл 1 шілдеден бастап құқық қорғаушылардың жалақысы өседі. Сондай-ақ, баспананың өтемақысын алатындардың тізімі кеңейеді
НҰР-СҰЛТАН, 21 мамыр – Sputnik. Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди органдарды оңтайланырудың нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін мыңдаған басшылық қызмет оңтайландырылды. Соның нәтижесінде ішкі істер органдардың штаты 11 процентке қысқарып отыр. Алайда қысқартуға түскен қызметкерлер құқық қорғау органдарынан өз еркімен кеткен адамдардың орнына жұмысқа тұруға мүмкіндік алды.
Тағы оқыңыз: Мемлекеттік қызметшілер 1 миллион теңгенің бонусын қайда жұмсады?
«Ал құқық қорғаушының мәртебесін көтеру үшін біз жалақыны көтеріп жатырмыз. Мәселен, қысқартудың нәтижесінде шамамен 16 миллиард теңге үнемделіп отыр. Оған қоса, үкімет бізге 20 миллиард бөліп отыр. Мұның бәрі 1 шілдеден бастап жалақыны көтеруге мүмкіндік береді», — деді Калайчиди журналистерге берген сұхбатында.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, патрульдік полицияның айлығы 60 процентке көтерілсе, шұғыл тергеу қызметкерлердің жалақысы 50 процентке ұлғаяды. Ал учаскелік инспекторлардың еңбекақысы 25 процентке артады. Қалған қызметкерлердің жалақысы 20 процентке өседі деген жоспар бар.
«Бұдан бөлек, баспананы жалға алғаны үшін өтемақы алатындардың тізімі кеңейеді. Бүгінде ондай ақшаны тек шұғыл және тергеу қызметкерлері ғана алып жүр. Ендігі кезекте ол тізімге патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар, жалпы, 9 мыңнан астам адам кіретін болады. Оған да қаржы бөлінеді. Осылайша, орташа жалақы 107 мың теңгеден 150 мыңға дейін өседі. Оған қоса, тұрғылықты жеріне қарай баспананың өтемақысы 70-200 мың теңгенің аралығында болады», — деп атап көрсетті Калайчиди.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда ең жоғары және ең төменгі жалақыны кім алады?
sputniknews.kz