Сол кезде қос дәрігер асханада тамақ ішіп отырған
Көкшетауда 9-сынып оқушысы эстафеталық жарыс кезінде көз жұмды. Әскери алаңда жарысқа қатысқан Диас Тайжан мәреге жетпей ентігіп, есінен танып қалыпты. Дәрігерлер жасөспірімге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін аудандық ауруханаға жеткізген. Алайда, оны аман алып қалу мүмкін болмапты. Марқұмның ата-анасы баласының өліміне мектеп әкімшілігін кінәлап отыр.
Сурет: «Еуразия бірінші арнасы»/видеодан скриншот
Қайғылы жағдай оқушылар арасында жыл сайын өткізілетін «Алау» әскери-спорттық жарысында тіркелді. Қалалық бәсекеде топ жарған оқушылар, Бурабай ауданындағы облыстық турнирге аттанған. Сол тізімде Диас Тайжан да бар болған. Бір айналымнан соң оның жағдайы нашарлап, есінен танып құлапты. Жасөспірімді дәрігерлер аудандық ауруханаға шұғыл жеткізген, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».
Марқұмның әкесі Сырым Батырхановтың сөзінше, ұлының жағдайы нашарлаған кезде, оқиға орнында арнайы жедел жәрдем көлігі болмаған. Ал, турнирге бекітілген қос дәрігер дәл сол мезетте асханада тамақ ішіп отырыпты.
«Қарапайым жедел жәрдемнің өзі болмаған. Жекеменшік көлікпен алып барған. Ол көлік табылғанша, екі дәрігер асханадан келгенше, бала есінен танып жатқан», — дейді марқұмның әкесі.
Алдын ала болжам бойынша, оқушының жүрегі физикалық ауыртпалықты көтере алмаған. Әкесі мектеп әкімшілігі Диасты зорықтырып жібергенін айтып отыр. Өйткені бір күн бұрын қалалық жарысқа қатысқан оқушы еш тынықпай, келесі күні облыстық жарысқа қатысқан. Ең сорақысы, мектеп директорының бұйрығы бойынша қатысуға тиісті балалар тізімінде Диастың аты-жөні болмапты. Соған қарамастан, орта білім ордасының мұғалімі Мұрат Дайырұлы Диасты тізімдегі басқа оқушының орнына жіберген. Ал мектептің аты аталған маманы сұхбат беруден бас тартты.
«Ол бізбен келіспей, Дисты өзге оқушының орнына жарысқа қатыстырған. Диастың есімі бұйрықта көрсетілмеген. Мен бұл жайлы білген жоқпын. Тек түске таяу Мұрат Дайырұлы маған хабарласып, оқушымыздың көз жұмғанын хабарлағанда ғана білдім. Мұндай әрекеті үшін әскери даярлық жетекшісі жұмыстан шығарылады», — дейді №4 мектептің директоры Бибігүл Хасеинова.
Марқұмның ет жақындары құзырлы органдарға шағымданбақшы. Ал полицейлер дерекке қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Еске сала кетсек, Көкшетауда 15 жастағы оқушы көз жұмды. Ол жарыс кезінде мертігіп қалған. Жасөспірімге облыстық емдеу-профилактикалық емхананынң дәрігерлері медициналық көмек көрсетті. Содан кейін ол аудандық ауруханаға жеткізілді. Оқушы ауруханада есін жимастан көз жұмды.
stan.kz